Желіде ДДСҰ пандемияны 10 жыл бойы қолдайтыны туралы фейк тарады

Желіде ДДСҰ пандемияны 10 жыл бойы қолдайтыны туралы фейк тарады
Фото: REUTERS

Әлеуметтік желілерде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияны 10 жыл бойы қолдауға ниетті деген теория тарады. Бұл туралы жазған пайдаланушылар ағылшын тіліндегі Natural News порталына сүйенеді. Stopfake.kz мәліметінше, оның бәрі - фейк, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Natural News жаңалықтар порталы - желінің ағылшын тілді сегментіндегі негізгі жалған ақпарат таратушылардың бірі. MediaBias/FactCheck жобасының мамандары порталда жарияланған жаңалықтардың шынайылық деңгейі өте төмен және бұл ақпаратқа сенудің қажеті жоқ деп жазады. Factual Search фактчекингтік сайттар бойынша іздеу құралында Natural News порталы әртүрлі тілде жариялаған түрлі басылымдар теріске шығарған жүздеген жалған мақала шығады.

ДДҰ пандемияны қолдаудың он жылдық жоспарын әзірледі деген ақпарат та жалған. Шындығында, мұндай жоспар жоқ. Осы жылдың 28 наурызында ДДҰ "Пандемиялық және эпидемиялық әлеуеті бар қоздырғыштарды геномдық бақылаудың жаһандық стратегиясы, 2022-2032 жылдары" деп аталатын он жылдық жоспарды қабылдады. Оның толық мәтіні көпшілікке қол жетімді. ДДҰ пандемияны қолдауға немесе жаңа, қауіпті қоздырғыштар жасауға ниетті деп пайымдауға болатындай ештеңе жоқ. Керісінше, стратегияның мәні - вирустар мен бактерияларды бақылау және зерттеу, олардың таралуына және болашақта жаңа пандемияға себеп болуына жол бермеу.

Natural News порталындағы түпнұсқа мақалада ДДҰ Денсаулық сақтау саласында әлемдік диктатураны орнатуға ниетті деген сөздер келтірілген. Бұл жалған. Іс жүзінде ДДҰ және оған мүше елдер пандемияға қарсы қауіптердің алдын алу туралы келісім жасасуға ниетті. Қазір бұл келісім талқылануда. Барлық елдер өз ұсыныстарын енгізіп, талқылағаннан кейін келісімді қабылдау немесе пысықтау мәселесі қаралады. Бұл 2024 жылы 77-ші Дүниежүзілік Ассамблеяда болады. Келісімде қандай да бір диктатура туралы айтылмайды.

Демек, ДДҰ пандемияны 10 жыл бойы қолдайтыны туралы ақпарат - фейк.

С. Сатыбалдина