Желіде дау туғызған видео: Қорғаныс министрлігі қызу талқыланған жайтқа қатысты мәлімдеме жасады

Желіде дау туғызған видео: Қорғаныс министрлігі қызу талқыланған жайтқа қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Видео кадры

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде тараған жазбаға байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 26 маусымда Telegram арнада видео жарияланған. Онда ер адам көлікті қауіпті жүргізгені, жарыстарға қатысқаны, бума-бума ақша, сондай-ақ, жүздеген мың теңге болатын айыппұлдарды төлегені көрсетілген.

Жазба авторлары оның Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі екенін айтып, мұндай адамдар "азаматтарды қорғаудың орнына, олардың өміріне қауіп төндіреді" деп мәлімдеген. 

Министрлік мәліметінше, 26 маусымда Telegram арналардың бірінде жарияланған видеода ер адам өзін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі ретінде көрсетіп, әскери қызметтің беделін түсіретін мәлімет таратқан.

"Қорғаныс министрлігі жүргізген тексеріс нәтижесінде оның әскери қызметке қатысы жоқтығы және бұған дейін Қарулы Күштерде немесе өзге де әскери құралымдарында қызмет атқармағаны анықталды. Тексеріс материалдары Ішкі істер органдарына жолданды", - деп жазылған хабарламада.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы 2-бөлігі ("Жалған ақпаратты орналастыру, тарату") бойынша кінәлі деп танылған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget