Әлеуметтік желілерде ChatGPT орнатылған екі құрылғы адамзатты бағындыру жоспарын әңгімелесіп жатқаны жайлы видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, олар өздерінің қалауы бойынша өркениетті қалай құратынын талқылаған, ал адам олардың қолындағы қуыршаққа айналады екен. Басылым мәліметінше, бұл - желіде бірнеше айдан бері тарап келе жатқан фейк.
Жасанды интеллекті (ЖИ) - компьютерлерге адам сияқты ойлауға және үйренуге мүмкіндік беретін технологиялар. Адамдар машиналар көптеген дерекпен жұмыс істей алатындай, олардан маңызды байланыстар мен заңдылықтарды тауып, соның негізінде дербес шешімдер қабылдайтындай етіп жасанды интеллектіні жасап шығарды. Машиналар ақпаратты талдайды және әзірлеушілер берген алгоритмдер бойынша қорытынды жасайды. Яғни технологияның өзіндік интеллектісі жоқ.
ChatGPT көпшілікке 2022 жылғы қарашада таныстырылды. Шығарылған кезде ол "зерттеудің алдын ала нұсқасы" деп ұсынылды. ChatGPT интернеттегі мәтіндер негізінде үйренеді. Оның ішінде кітаптар, мақалалар, веб-парақшалар мен басқа да ашық көздерді оқиды. Демек ChatGPT ойламайды, яғни мәтінді адамдар сияқты түсінбейді. Ол оны болжам негізінде талдайды.
ЖИ сөйлегенді түсінеді және диалогқа қатыса алады. Бұл ретте ол белгілі бір алгоритмдерді қолданады. Алдымен ЖИ дыбыстарды мәтінге аударады, содан кейін оны талдайды. Ол үшін интернеттен алынған өзінің сөздік қорына қарайды. Содан кейін ғана осы білімге негізделген жауапты таңдайды. Сондай-ақ ол өз жауабын дауыстық хабарламаға аудара алады.
"Екі ChatGPT-дің адамдарды бағындыру туралы әңгімелескен видеосын адам жасаған. Әңгіменің жалғанған жерлері мен күрт ауысып отыруы алдымен әрбір ЖИ-мен бөлек диалогтар жазылғанын, содан кейін жазбалардың бір роликке біріктірілгенін көрсетеді", - деп жазылған ақпаратта.
ChatGPT-дің, басқа жасанды интеллект жүйелерінің интеллектісі немесе санасы жоқ. Ол мәтінді алгоритмдер мен ашық көздерден алынған мәліметтер негізінде талдап, ықтималдық модельдеріне сүйене отырып жауап береді.
Демек ChatGPT орнатылған екі құрылғы адамзатты бағындыру жоспарларын талқылаған видео - фейк.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова