Әлеуметтік желілерде өлім туралы комиссия құруға қатысты хабарлама тарады. Мұндай ұсынысты Билл Гейтс Балиде өткен G20 саммитінде жасаған екен. Бұл комиссия кедей және науқас адамдардың қайсы өмір сүретінін және кімнің өлетінін шешеді. Шындығында, бұлардың бәрі өтірік, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, G20 (жиырма ел тобы) - экономикасы неғұрлым дамыған мемлекеттердің өкілдері кіретін ұйым. Топқа 19 ел мен Еуропа Одағы кіреді, ал басты мақсат - бүкіл әлем бойынша экономиканың тұрақтылығына қол жеткізу. G20 саммиттері халықаралық қаржы-экономикалық жүйемен байланысты мәселелерді талқылау және ынтымақтастық орнату үшін жыл сайын елдердің бірінде өткізіледі. 2022 жылы 15-16 қарашада Индонезияда Бали аралында 17-саммит өтті.
Әлеуметтік желі қолданушылары Билл Гейтс өлім жөніндегі комиссия туралы нақты Балидегі G20 саммитінде айтқанын жазып жатыр. Сонымен қатар, хабарламаға кәсіпкердің сөз сөйлеп тұрған кезде түсірілген суреті тіркелген. Алайда бұл суреттің 2022 жылғы саммитте түсірілуі екіталай. Себебі, біріншіден, Гейтс бұл шараға қатысқан жоқ. Бұл туралы Билл және Мелинда Гейтс қоры Associated Press агенттігіне хабарлаған. Екіншіден, сурет шараға дейін бір ай бұрын түсірілген. Гейтс биыл қазанда LinkedIn парақшасында Bloomberg News мақаласына сілтеме жасап, суретін жариялаған. Сондай-ақ, ол полиомиелитті жою туралы әңгімелесу үшін басылым тілшісімен кездескенін жазды.
Полиомиелит - сал ауруына әкелуі мүмкін полиовирус тудыратын қауіпті жұқпалы ауру. Оны жою үшін 1988 жылы Полиомиелитті жою жөніндегі жаһандық бастама (GPEI) құрылған. Полиовирусты жою Билл және Мелинда Гейтс қорының басты басымдығы саналады. 2022 жылы қор 1,2 миллиард доллар мөлшерінде жәрдем берді. Бұл туралы Bloomberg "Гейтс зақым келтіретін полиовирусты жоюды жеделдету үшін 1,2 миллиард доллар бөлуге уәде береді" деп жазды. Бұл материалда "өлім бойынша комиссия" туралы ештеңе айтылмаған. Алайда бұған дейін 2010 жылы Колорадо штатында Аспен институтында өткен идеялар фестивалінде сөйлеген сөзінде Гейтс бұл терминді қолданған болатын.
Бірақ Гейтс білім беру және денсаулық сақтау жүйелері туралы айтты. Ол америкалық мемлекеттік бюджеттің дұрыс бөлінбеуіне байланысты білім беру жүйелері мен зейнетақы шығындары зардап шегетінін айтты. Ол АҚШ ЖІӨ-нің 17 пайызы денсаулық сақтауға жұмсалатынын, ал Швейцария ЖІӨ-нің 12 пайызы ғана жұмсайтынын және денсаулық сақтау жүйесі әлдеқайда жақсы екенін атап өтті. Дәл осы тұрғыда ол қоғамда талқыланып жатқан "өлім бойынша комиссия" және тағы бір танымал "өлім панельдері" терминін атап өткен болатын. Яғни, Билл Гейтс "өлім бойынша комиссия" және жақын арада қажет болуы мүмкін "өлім панельдерін" құру керегін айтқан жоқ. Сонымен қатар, бұл терминдерді кәсіпкердің өзі ойлап тапқан жоқ.
"Өлімдер бойынша комиссиясы" және "өлім панельдері" - 2009 жылы штаттарда федералды заңнама мен денсаулық сақтау туралы пікірталас кезінде пайда болған саяси терминдер. HR 3200 заң жобасының (немесе "Америкадағы қолжетімді медициналық қызмет" туралы Заңның) 1233 бөлімі бойынша дәрігерлерге Mediacare науқастарына өсиетхаттар, алдын ала нұсқаулар бойынша ерікті түрде кеңес бергені үшін ақы төленуі тиіс болатын. Бетси МакКоги, Сара Пейлин және басқалары сияқты кейбір саясаткерлер бұл бөлімді "қарт адамдарға жасалған қатыгез шабуыл" деп атады. Олар сеанстар адамдарға өлімді күтпей қалай өмірден кету керегі туралы айтылады деп мәлімдеп, науқастарға кеңес беретін дәрігерлерді "өлім бойынша комиссия" деп атады.
"Өлім панелі" және "өлім бойынша комиссиялар" туралы мифтер жоққа шығарылды. Себебі 1233-бөлімде де, денсаулық сақтау туралы кез келген заң жобасындағы басқа ережелерде де адамдардың медициналық көмекке лайық екенін анықтайтын жүйе қарастырылмаған. Алайда халықтың наразылығына байланысты дәрігерлерге ерікті кеңес бергені үшін ақы төлеу туралы ереже заң жобасынан алып тасталды.
Демек, Билл Гейтс жақын арада "өлім бойынша комиссиялар" қажет болады деп мәлімдеген жоқ. Бұл фейкті бірнеше басылым жоққа шығарды. Атап айтқанда, PolitiFact, India Today және Associated Press.
Сонымен қатар, кәсіпкер Индонезиядағы G20 саммитіне барған жоқ. Ол бұл терминді 2010 жылы мұндай комиссиялар қоғамда талқыланып жатыр деп айтқанда ғана қолданған. Кейбір саясаткерлердің мәлімдемелерінен кейін бұл мәселе шынымен талқыланды. Алайда өлім бойынша комиссия мен өлім панельдерін құру туралы барлық пікір шындыққа жанаспайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!