Әлеуметтік желілерде әйелдерге жүктілікті өз бетінше жоспарлауға және қалағанынша көп бала тууға тыйым салынуы мүмкін деген ақпарат тарады. Осы ақпаратқа сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау жүйесі мен Халық денсаулығы туралы кодекске тиісті түзетулер енгізу көзделген. Алайда бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Желі қолданушыларының айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау жүйесі мен Халық денсаулығы туралы кодекстің 79-бабына түзетулер енгізіледі. Олар қабылданса, адамдар қанша бала өсіретінін, оңтайлы босану аралығын, сонымен қатар, жүктілік пен босануға қатысты басқа да шешімдерді өз бетінше қабылдай алмайды. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері жоққа шығарды.
"Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және Денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 79-бабының 1-тармағының 12 тармақшасы "Балалардың санына және олардың некеде немесе некесіз туу уақытына, туу арасындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті аралықтарға қатысты шешімді еркін қабылдауға" өзгерістер енгізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және фейк", - деді ведомство өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!