Желіде Алматыдағы балаларды дамыту орталығына қатысты дау шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
TikTok-та тараған видеода кішкентай қыздың анасы орталықты және оның қызметкерін айыптап жатыр.
"Міне, орталыққа келдік. Қызым көліктен түскен бойда жылай бастады, демек, есінде ғой. Орталық және оның қызметкерінің үстінен арыз жазамын. Полиция шақырдым, күтіп отырмын. Негізі, былай шу шығарғым келмеді, бірақ баланы көріп тұрсыз ғой", - дейді әйел видеода.
Кейін қыздың анасы видеода арыз жазып отырғанын, мекеме директорын, мұғалімін және заңгерін көрсетеді.
@felisa_kara_2019♬ оригинальный звук - ⭐️Felisa_Kara_2019⭐️
Бұл оқиғаға қатысты балаларды дамыту орталығының өкілдері пікір білдірген. Олардың айтуынша, орталыққа қисынсыз жала жабылған.
"Кеше қыздың анасы және учаскелік полиция қызметкерімен кездестік. Өкінішке қарай, келеңсіз жағдайды ойлағанымыздай реттей алмадық. Әйел кездесуге алдын ала негатив пікірмен келген соң, өзін шектен тыс дөрекі ұстап, біздің қызметкерлерге тіл тигізіп, кемсітті, одан басқа, айқайлап, балағат сөздер айтты", - делінген жазбада.
Бала орталықта екі сағаттан аса уақыт отырған. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бұл уақытта бала өзін жайлы сезініп, тыныш отырған, бұл видеода да көрініп тұр.
"Біз жағдайды соталды реттеу бойынша іс-шараларға қолдау жасадық және қыздың анасына әдейі қолдан жасалған видео үшін көрінеу жалған ақпаратты таратуды тоқтату туралы талап жібердік. Бұл ретте, осы уақытқа дейін балаға зиян келтірілгенін растайтын ресми құжаттар ұсынылмады, анасы мәлімдеген орталық пен оның қызметкерлеріне қатысты өзге де айыптаулар да дәлелденбеді. Осылайша, әлеуметтік желідегі жазбалар - жалған. Қыздың анасы біздің орталықты қандай мақсатта қаралап жатқаны түсініксіз", - делінген жазбада.
Мекеме қызметкерлері тек расталған ақпаратқа сенуді сұрады.
"Әйел түсірген видеода бала ұрып-соғу дерегін жоққа шығарып жатыр. Сондай-ақ, бала орталықта анасының қасында тыныш отырғаны көрінеді. Қыздың анасының мұндай эмоциялы жазбасына берілмеуді және тек тексерілген, расталған ресми ақпаратқа сенуіңізді сұраймыз", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!