Желіде 9 жастағы қыздан “жынды шығарып“ жатқан видео тарады: ІІМ тексерісті бастады

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері 9 жастағы қыздан "жынды шығарып" жатқан видеоны тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты.

"Емші кәмелетке толмаған балаға рәсім жасаған бейнежазбаға қатысты: аталмыш іс бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері анықталды. Ақпарат тексеріліп, мән-жайы анықталып жатыр", - деді Зәкиева.

Желіде тараған видеода жерде қолы байлаулы жатқан қызды екі адам ұстап тұрғанын көруге болады, балаға 19 жастағы Ләззаттың "аруағы" кіріп кетіпті-міс. Өзін емшімін деп атайтын Кейқуат Оспанов сұрақ қойып, оған бала емес, қыздың бойына кіріп алған "жын" жауап беріп жатқанына сенімді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!