Ақтөбе қаласында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз үш айдың ішінде адам танымастай өзгеріп, аяқасты талмасы ұстап, денесі құрысып қала беретін болған. Сарбаздың туыстарының айтуынша, Алдияр Кеңесбек ант қабылдаудан бұрын таяқ жеп үлгерген. Оқиға Ақтөбе әскери бөлімінде тексеріліп жатыр, - деп хабарлайды КТК.
Алдияр Кеңесбекті 7-маусымда оқып жүрген жерінен ешкімге ескертпестен әскерге алып кеткен. Таңертең Тараздағы колледжге емтиханға кеткен бала кешке тобымен әскерге аттаныпты. Ол Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданынан Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөліміне түскен.
Алдияр Кеңесбек жел шығарып қойғаны үшін соққыға жығылғанын айтады.
"Байқамай жел шығарып қойдым. Айналамдағылардың бәрі "фуй" деп кетті. Басқа жаққа барып тұрғанмын. "Кім жел шығарған?" деп сұрады, "Мен" - дедім. Сержант басымнан орындықпен ұрды. Ары қарай есімді білмеймін, талып қалдым. Санитарлық бөлімге апарды, сол жерден есімді жидым", - дейді Алдияр Кеңесбек.
Жас жауынгер аяғынан тұра алмайтын хәлге жеткен. Бірақ осы қиын жағдайымен ол екі ай сүйретіліп, ақыры ауруханаға жатқызылыпты. Сол жерден белгісіз біреу науқастың туыстарына хабар берген. Ақтөбеге шұғыл жеткен әкесі ұлын Таразға алып қайтады. 7-қазанда емдеуге берілген демалыс мерзімі аяқталып, Алдияр қайта оралуға тиіс. Бірақ әкесі ұлын жібергісі жоқ.
"Қайтіп жіберемін? Өткенде мен бармағанда баланың өлігін әкеледі екенмін, шынын айтқанда!" - дейді әке Кеңесбек Әбдіраимов.
Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімі жағдайға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Есесіне, әскери прокуратура "қызмет бабын асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.
"2022 жылдың 20 қыркүйегінде Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі 451-баптың 1-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады", - деді әскери прокурор Жандарбек Спан.
18 жастағы әскерге шақырылған жігіттің туыстары ұлы мүгедек болып қала ма деп қорқады. Олар әскери қызметкерді жұмыстан шығаруды ғана емес, сот алдында жауап беруін талап етпек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!