Оларды бір ісі арқылы жақсы танимыз: бірі пойызды тоқтатты, бірі өзенге секірді, енді бірі боранда көліктерді бастап жүрді. Олар туралы жаңалықтар Қазнетте тез тарап, жұрт пікірде рақмет айтып жатты.
Tengri Adam байқауына дайындық барысында он номинанттың әрқайсына мынадай бір ғана сұрақ қойдық: нені армандайсыз? Ешкім де атақ-даңқ не марапат туралы айтқан жоқ. Олардың арманы өте қарапайым әрі шынайы болып шықты.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Балаларға арналған жеке зал
Семейлік Тимур Рахымжанов суға батып бара жатқан жеті жасар баланың артынан Ертіске секіріп, өзі де тұншығып қала жаздады. Кейін құтқарылған баланың анасы оған алғыс айтып, болашақта олардың ауылында дзюдо секциясын ашуды ұсынған. Бұл ой Тимурдың есінде қалып қойды. Ол 24 жаста, дзюдо жаттықтырушысы. Өзі де дәл осыны қалайды: "Жеке залымды ашып, балаларды жаттықтыруды армандаймын".
Қызының оқуы және зейнеттегі денсаулығы
Павлодарлық Тоқан Байділдин 60 жаста. Ол көктемде Екібастұзда тор арқылы екінші қабатқа көтеріліп, ашық терезенің ернеуінде тұрған баланы құтқарып қалды. Өзі ол жерге қалай шығып кеткенін түсінбей қалғанын айтады. Тоқан автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді, оның екі ұлы, немерелері және Астанада оқитын қызы бар. "Арманым қарапайым: балаларым аяққа тұрса, қызым оқуын бітірсе, ал өзім зейнетке аман-есен шықсам деймін".
Сүйікті жұмыс
Жетісу облысының машинисі Дәулет Өсербай теміржол бойында жалғыз кетіп бара жатқан үш жасар баланы көріп, иен далада жүк пойызын тоқтатты. Оның отбасындағылардың бәрі пойыз жүргізеді: әкесі өмір бойы машинист болған, екі ағасы да машинист. Дәулеттің үлкен ұлы шамамен сол баламен жасты. Ол отбасының амандығын тілейді және сүйікті жұмысында зейнет жасына дейін еңбек еткісі келеді.
Балалардың амандығы
Математика пәні мұғалімі Мария Бедрина Павлодар облысынан. Өмірбек: Ол ақтүтек боранда 15 шақты көліктен тұратын тізбектің алдында бірнеше шақырым жаяу жол бастап жүрді. Сол күні ол күйеуімен бірге Ақсудан қайтып келе жатқан. Олар үлкен қызы мен жаңа туған жиенін перзентханадан шығарып алған. Қазір Мария бос уақытында жиеніне киім тоқып, бау-бақшамен айналысады. Ал үш баланың анасының ең басты арманы түсінікті: балаларының жағдайы жақсы болса екен.
Ата-анаға қамқорлық
Тараздық Нұркен Омаров екі ер адам 13 жастағы оқушыны күштеп алып кетуіне жол бермеді. Нұркен ата-анасымен және інісімен бірге тұрады, өзі көптен бері жұмысқа тұрғысы келген вагон жөндеу зауытында жұмыс істейді. Ендігі арманы - ата-анасының үйін ретке келтіріп, әке-шешесіне барлық жағдайды жасау.
Адамдарға көбірек көмектесу
Алматылық Кристина Токарева әуежайда бір айға жуық тұрған Нигерия азаматына құжаттарын қайтарып, еліне ұшып кетуге көмектесті. Ол 12 жылдан бері волонтерлікпен айналысады, қазір екі кішкентай бала тәрбиелеп отыр. "Арманым біреу: адамдарға көмектесуге мүмкіндік көбейе берсе екен".
Жақындарының саулығы
Қостанайлық Талғат Қаймусин 38 градус аязда тасжолда үсіп қалған итті тауып алып, TikTok арқылы оның иелерін іздеп тапты. Ол өзіне ештеңе сұрамайтынын, жақындары аман-сау, айналасындағы адамдарда бәрі жақсы болса екен дейді.
Қызығы таусылмайтын мәнді өмір сүру
Астаналық Айзада Бейсекова жұмысқа бара жатқан жолда көліктерді тоқтатып, адамдармен бірге үйрек пен оның сегіз балапанын құтқарып қалды. Кейін ол тоғанға бірнеше рет барып, балапандарды түгендеп қайтқан, сегізі де аман. Айзада - үш баланың анасы, тіпті әже. Арманы - қызығы таусылмайтын, жай ғана бақытты да мәнді өмір сүру.
Білім алып, елге пайдасын тигізу
18 жастағы түркістандық Нұрсұлтан Базарбайұлы жел ұшырып, жолдың үстінде жатқан Әзербайжан туын көтеріп, орнына қайта қойды. Ол биыл мектеп бітіреді, инженерия, технология мен IT салаларының бірін таңдамақ. Ол жақсы білім алып, сол білімін ел игілігіне жұмсағысы келеді.
Айналаға пайдалы болу
Астаналық автобус бақылаушысы Сақыпжамал Шәмшиева жолаушыларға "сұлуым", "жарайсың" деп жылы сөйлейді, туған күн иелерін бүкіл автобус болып құттықтайды және көңілсіз отырғандардың көңілін аулайды. Оның арманы - жақындары мен айналасына пайдалы болу. "Өйткені әрдайым ақшалай көмектесе алмайсың, кейде жылы сөздің өзі де адамға демеу болады".

Ендігі кезек сізде
Бұл адамдар алғыс айтады деп күткен жоқ. Бірақ оларға бір дауыс арқылы рақмет айтуға болады.
Tengrinews.kz сайты мен қосымшасының барлық тіркелген пайдаланушылары дауыс бере алады. Әр қолданушыда бір ғана дауыс бар: оны тек бір қатысушыға және бір-ақ рет беруге болады.
Дауыс берудің соңғы күні - 14 қараша. Алматы уақыты бойынша 15 қарашада сағат 00:00-де дауыс беру аяқталады.
Ең көп дауыс жинаған қатысушы "Оқырмандар таңдауы" марапатына ие болады. Бес көшбасшы финалға шығады: олардың арасынан қазылар алқасы гран-при иегерін анықтайды. Барлық финалис 1 миллионнан 2,5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық алады.
Дауыс беру үшін аккаунтыңызға кіріп, Tengri Adam байқауының арнайы парақшасына өтіңіз, кейіпкерді таңдап, таңдауыңызды растаңыз. Сол жерден барлық қатысушының толық оқиғасын оқи аласыз.
Дауысыңыз олардың біріне қолдау болып, көңіліне жылу сыйласын.
О. Сансызбай