Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев банкроттыққа өтініш беру рәсімі 3 наурызда басталатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2022 жылғы 30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурызда банкроттыққа өтініштерді қабылдау басталады", - деді Жамаубаев Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ, заңда рәсімнің үш түрі қарастырылған:
Соттан тыс банкроттық
Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Шарттары мынадай:
- қарыз 5,5 миллион теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
- 12 ай ішінде өтелмеген;
- тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ;
- қаржы дауы банкпен өзара реттелген.
"Бұл ретте 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алғандар мен 5 жылдан аса берешегі өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген. Соттан тыс банкроттық "электрон үкімет" порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік органдардың деректерімен борышкердің кіріс шарттарына сәйкестігі автоматты түрде салыстырылады", - деді Жамаубаев.
Сот арқылы банкроттық
Министрдің айтуынша, сот арқылы банкроттық мақсаты - банкроттың мүлігі есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.
"Бұл процедураны қаржы менеджерлері жүзеге асырады, олардың құрамына әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді", - деді ол.
Қабілеттілігін қалпына келтіру
"Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру сотта 5 жылға дейін қарызды бөліп төлеу мүмкіндігін алуды қарастырады. Артықшылығы - азамат "банкрот" мәртебесін алмайды. Сондықтан оған банкроттыққа байланысты қолданылатын қандай да бір салдардың әсері болмайды", - деп түсіндірді Жамаубаев.
Мұндай рәсімдерге қарыз алушының өзі бастамашы бола алады. Сонымен қатар, азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуі көзделіп отыр. Осы шаралардың барлығы банкроттық рәсімінен кейін азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыштық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
"Заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың да жауапкершілігі артады. Алдағы уақытта жылдам қарыз алу үшін кредит тарихының дұрыс болуына азаматтардың өздері мүдделі болуы тиіс. Банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек", - деп қорытындылады Премьер-министр.
Еске салайық, бұған дейін наурыздан бастап 5,5 миллион теңгеге дейін қарыз кешірілетіні айтылған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!