Мемлекет басшысы қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның жарқын жетістігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің сөзінше, бүгінде қазақ спортының беделі зор, мұны бүкіл әлем мойындайды.
"Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл - шын мәнінде өте үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым, оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өтіп, бойындағы жеке мәдениеті жоғары екеніне ерекше баға бердім", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спорт саласындағы жетістіктерге Үкіметтің, тиісті министрліктің табанды жұмысының алғашқы нәтижесі ретінде оң баға беріп, алдымызда әлі талай міндет тұрғанын еске салды.
"Елімізде түрлі халықаралық дода өткізіліп жатыр. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс - "Болашақ ойындары" сәтті өтті. Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Өте ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бірақ мұның бәрі – еліміздің абыройына, беделіне өте қажет халықаралық іс-шаралар. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!