- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жеке көлік, жүргізуші...
"Жеке көлік, жүргізуші деген жоқ". Мәжілісмен Дәулет Мұқаев қызметтік көлігі туралы айтты
Жаңадан сайланған депутат Дәулет Мұқаев қызметтік көлігі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, депутаттарға жеке көлік, жеке жүргізуші берілмейді. Тек белгілі уақыт аралығында пайдалануға рұқсат етіледі.
"Депутатта жеке көлік, жеке жүргізуші бар" деп көбі ойлайды. Ал шын мәнінде, олай емес. Бізге берілетін лимит - бір айға 75 сағат. Оның өзінде тек жұмыс бабымен. Жеке өмірің үшін (мысалы, баланы мектепке апару, туған-туысты тасу) пайдалануға рұқсат жоқ. Үйден алып кетіп, жұмысқа алып келеді. Немесе керісінше. Жеткен кезде уақыт есептеледі, жүргізуші берген арнайы қағазға қол қоямыз. Әр депутатқа жеке код береді. Ол - құпиясөз. Тапсырыс берерде соны айту керек", - дейді депутат.
Сондай-ақ, депутат қызметтік көліктердің маркаларын, жүргізушілердің ауысып отыратынын айтты.
"Ең қызығы, жұмыстан қайтарда ерте тапсырыс бермесең, көлік жетпей қалуы мүмкін. Немесе күту керек. Мысалы, мен өткен аптада сағат 18:10-да тапсырыс беріп едім, "алдыңызда 40 тапсырыс бар. Күтіңіз" деді. Күтпей, таксимен қайттым. Содан бері көмекшім сәл ертерек қоңырау шалып, тапсырыс беріп қоятын болды. Көлікке келер болсақ, Toyota, KIA көліктері жүреді. Жүргізушілер де ауысып отырады. Нақты бекітілген көлігіміз, жүргізушіміз жоқ", - деп жазған ол.
Еске салайық, бұған дейін жаңадан сайланған депутат Руслан Берденов депутаттарға қандай жағдай жасалғаны туралы айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек