Қылмас жасап, түрмеде жазасын өтеп шыққан адамның қоғамға сіңісуіне қанша уақыт керек? Абақтыдан шыққаннан кейін өмір қалай өзгереді? Massaget.kz тілшісі темір тордың суығын сезінген азаматтармен сұхбаттасты.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, бүгінде барлығы 37 800 адам тіркеуде тұр, оның ішінде 7400 азаматқа қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр, ал қалған 30 400 адам сотталған.
Түрмеге түсу бір адамға оң әсер етсе, енді біріне теріс әсер етеді. Мысалы, маңғыстаулық 31 жастағы тұрғын енді теріс жолға түспейтініне, қайта қылмыс жасамайтынына сенімді. Бұдан бөлек, Ж. есімді қызылордалық 46 жастағы тұрғын да түзу жолға нық тұрдым деп есептейді.
Қосбатыр Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылының тумасы. Ол осы ауылда туып-өскен, шаңырақ көтерген. 2022 жылы күзде Мұнайлы аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Жазасын өтеу үшін Оралдағы №28 мекемесіне жіберген. 1 жылдан астам уақыттан кейін шектеу жазасына ауысып, қалған 1 жыл 9 ай жаза бөлігін өтеу үшін туған ауылына келген. Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Қарақия аудандық пробация қызметіне есепке алынған.
Қосбатырдың айтуынша, түрмеден шыққаннан кейін айтарлықтай қиындыққа тап болмапты.
"Түрмеден шыққан соң бостандықта көп қиындық болған жоқ, себебі әке-шешем мен тумаластарым көмектесті. Пробация қызметкерлерінің қолдауымен "Ерсай теңіз порты" мекемесіне жұмысқа орналастым. Қазір сол жерде док жұмысшысы-механизатор қызметін атқарамын. Пробация қызметкерлеріне алғысым шексіз, көп қолдау көрсетті", - дейді ол.
Ол түрмеден шыққаннан кейін де өзіне жақындарының қарым-қатынасы өзгермегенін алға тартты. Қосбатыр абақтыда отырып көп дүниені түсінгенін мойындады, сондықтан болар "енді теріс жолға түспейтініме сенімдімін" дейді ол.
"Қамаудан кейінгі бостандықтағы өмірімде айналамдағы адамдардың көзқарасынан ешқандай өзгеріс байқамадым, бәрі жақсы жақсы қарсы алды. Абақтыға қамалғанға дейін және ол жақтан шыққаннан кейін мінезімде өзгеріс болды деп айта алмаймын, көп нәрсені түсіндім, намаз оқуды бастадым. Түрме адамды түзейді немесе түземейді деп кесіп айта алмаймын. Қылмыс жасағанымды мойындаймын, сол үшін жазамды өтеп, отырып шықтым. Енді теріс жолға түспейтінімді білемін, қайта қылмысқа бармайтыныма көзім жетті", - деді кейіпкеріміз.
Қосбатыр болашаққа үлкен мақсат қойған. Айтуынша, түрмеде кезінде әйелімен ажырасып, шаңырағы шайқалыпты, ал енді отбасын қайтарып, перзентіне әкелік махаббатын көрсеткісі келеді.
"Кезекте менің үлкен мақсатым бар, өмірімнің мәні - отбасымды қайтару, әйелім мен қызыммен бірге болу, әкелік махаббатымды беру, бақытты өмір сүру. Сотты болғаннан кейін тағдырдың салғаны болар, ажырасып кеттік. Менің кінәм, білемін. Енді барлығы басқаша болады деп сенемін", - деді ол.
Ал Қызылорда қаласының 46 жастағы тұрғыны 2022 жылы сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігінің 1 тармағына сәйкес, (құрамында есірткі заты бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) 3 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын Қызылордадағы түзеу мекемесінде өтеген. Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне 2023 жылы қарашада бақылауға алынған. Ол бостандықтың қадірін, темір тордың артында отырғанда түсінгенін айтады.
"Жастықпен, білместікпен" дейін десем ол кезде 40 жастан асқан ақыл тоқтатқан кезім еді. Маңдайыңа тағдыр жазса, қашып құтыла алмайды екенсің. Бас бостандығымнан айырылып, темір торға тоғытылған соң бостандықтың қадірін түсіне бастадым", - деді ол.
Бұрын сотты болған азаматты түзеу мекемесіне ауыстырылғаннан кейін алдымен мекеме қызметкерлері қабылдап, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Ол тіпті психологтың қабылдауында болыпты.
"Мекеменің ішкі күн тәртібіне бағынып, жаза өтеу тәртібін бұзбадым. Өзімнің мінезім ақжарқын, қандай қиындық болса да күліп қарсы алатын адамның қатарынанмын. Түзеу мекемесінде жүріп, спорттық шараларға, семинар тренингтерге қалмай қатысатынмын. Соның нәтижесінде өмірге деген көзқарасым өзгеріп, жазамды өтеп тезірек бостандыққа шықсам екен деген арман пайда болды", - деді ол.
Жазаның үштен бір бөлігі (бір жарым жыл) өтелгеннен кейін, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 73-бабына сәйкес, сот қаулысымен жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылып, қалған мерзімді пробациялық бақылау белгіленеді. Сөйтіп Қызылорда қалалық пробация қызметіне тіркеуге алынады.
Қызылордалық тұрғынның сөзінше, түрмеге дейін де, онда жазасын өтеп шыққаннан кейін де мінезі бірқалыпты, өзгермеген. Ол қиындыққа мойымауының себебін өзін күтіп отырған отбасымен байланыстырды.
"Өзімді салқынқанды, сабырлы ұстаймын, қандай жағдай болса да уайымға салынбаймын, артық қылығым жоқ. Күтіп отырған отбасым бар, сондықтан еш мойымаймын. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Отбасым - әйелім, 5 балам бар, 3 балам студент, 2 балам оқушы. Түрмеден шыққан соң пробация қызметіне тіркелдім. Пробация қызметкерлері сотпен жүктелген міндеттерді орындау, уақытылы пробация қызметіне тіркелуге келу, түнде сағат 22.00-ден кейін белгіленген мекенжайда болу керегін, түнгі мезгілде қоғамдық орындарға баруға болмайтынын түсіндірді", - дейді ол.
Кейіпкеріміз темір тордан шыққаннан кейін тіпті жеке кәсібін қолға алыпты.
"Пробация қызметкерлеріне өз кәсібімді ашу туралы ниетімді айттым. Қызметкерлер құқықтық көмек беріп, құжаттарды жинақтауға көмек көрсетті. Өтініш жазып, тапсырдым. Мал шаруашылығымен айналыссам деген ниеттемін. Мал басын көбейтіп, бордақылау орталығын ашсам деген арманым бар. Қазір жағдайым жақсы, түзеу мекемесі қызметкерлерінің және пробация қызметкерлерінің заңға сәйкес жүргізілген көмектерінің арқасында түзелу жолына нық тұрдым", - дейді есептегі азамат.
Дегенмен 46 жастағы азамат түрмеден шыққан адамды бәрі бірдей жақсы қарсы ала бермейтінін жасырмады.
"Түрмеден шыққан адамды кім жақсы қарсы алсын. Отбасым, анам, бауырларым жылы қабылдады. Бұл да бір сынақ шығар. Туған-туыстардың тойына барып тұрамын. Темір торға түстім деп өмірден түңіліп кетпедім. Мен өмірден түңілсем, балаларыма, отбасыма кім бас-көз болады? Өмір болған соң "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ" демекші, өз-өзімді жігерлендіріп, қайта өмірге деген құлшынысым артты", - дейді ол.
Қызылордалық азамат түрмеде адамның қай бағытты таңдайтынын өзі шешетінін жеткізді. Сондықтан да түрме адамды бұзады немесе түзейді деп дөп басып айту мүмкін емес.
"Түрмеден адам түзеліп шығып-шықпауы өзіне байланысты. Әркім өз өмірінің суретшісі ғой. Түрмеде тәртіп болса, адам түзеледі. Түзеу мекемесінде де психологтар, мамандар жұмыс істейді. Жаза басқан адамды қайта қоғамға бейімдеуге барынша жұмыс жүргізеді. Менің болашаққа мақсатым да, жоспарым да көп", - деп қорытындылады ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!