“Жеке басымызға өтіп, келемеждеді“. Депутат Жаңбыршин Мәжілісте батыл үн қатты

Мәжіліс депутаттары ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы түзету қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу бойынша норма авторы ретінде Еділ Жаңбыршин бұл өзгерістің мәнін түсіндірді. Оның сөзінше, бұл мәселе қызу талқыланып жатқанына бес жылдың жүзі болған.

"Дәл осы мінберден өзім де, әріптестерім де бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені бүге-шігесіне дейін талқыладық. Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда "гомосексуализм бар" деп, тұтас халыққа жала жапты. Бұл бір. Екінші, тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз пропоганда жүргізді. Одан қалса, Еділ Жаңбыршин, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді. Сол үшін арнайы контент әзірленіп, таратылды. Бұл - барып тұрған бассыздық, заң шығарушы органның өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын таптау", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, "олар қоғамды азғындыққа үндеп, кең ауқымда насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр".

"Бүгінге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсірефеминистік ЛГБТ қауымдастығы арнайы, жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллар қаржы алып отыр. Бұл - мен келтірген бірнеше ғана мысал. ...ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормаларымыз кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмаған. Керісінше бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктив идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!