Алматыда бес адам қаза тапқан тұрғын үйге қасақана өрт қойды деген күдікпен әйел ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі almaty.police-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, күдіктінің жүрген бағытын және оқиғаның мән-жайын анықтаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиғаға жеке бас араздығы салдарынан қасақана өрт қою себеп болған.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір соталды тергеу жалғасып жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында болған. Өртті сөндіру кезінде үй ішінен бес адамның денесі табылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық істер тіркеліп, арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Бұған дейін өртенген үйдің иесі Қуаныш Кеңес қайғылы оқиғаға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді. Оның сөзінше, әйел шамамен үш ай бұрын да үйге өрт қойған. Ол кезде жалынды сөндіруге мүмкіндік болып, полицияға хабар берілмеген. Осы оқиғадан кейін әйел үйден шығарылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!