Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда жедел жәрдемнің өзіне жедел жердем қажет екенін айтты. Бұл туралы депутат комитет отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Адамның өмірі тікелей жедел жәрдем қызметіне байланысты. Жедел жәрдемнің жағдайы өте қиын. Оның өзіне жедел жәрдем керек сияқты. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдардың бұл бағыттағы жұмысы көңілден шықпайды. Өңірлерде жеткілікті көңіл аударылып тұрған жоқ", - деді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, санитарлық көліктермен қамтамасыз ету - әкімдіктердің міндеті.
"Тізімнен шығару бойынша тағы да бір мәселе бар. Жедел жәрдем қызметтері 7 жыл баланста тұру керек деген ой қалыптасқан. Көлік бір жылдың ішінде 120 мың шақырым жүретін болса, үш жылдың ішінде шашылып қалады, 7 жылға қалай жеткізесің?! "7 жыл болу керек" дейді. Екіншіден, 7 жылдан кейін үш рет аукционға шығару керек. Аукционға шығарып, ешкім сатып алмай немесе сатып алғаннан кейін оны есептен шығарады. ...Сонда былай қарағанда, цикл - 8-9 жыл. Сондықтан бұл мәселені шұғыл шешу керек деп ойлаймыз", - деді ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, санитарлық көліктер 59 пайызға тозған.
"Есептен шығаратындар орташа алғанда 20 пайыз. Қостанайда 33 пайыз, Ұлытауда - 28 пайыз, Алматы облысында 23 пайыз. Тозу бойынша ең жоғары көрсеткіштер Абай облысында, 69 пайызы әбден тозған. ШҚО-да 59 пайыз, БҚО-да 82 пайыз, Қостанай облысында 67 пайыз, Қызылорда облысында 62 пайыз, Маңғыстау облысында 75 пайыз, Павлодар облысында 70 пайыз, Шымкентте 72 пайыз, Астанада 83 пайыз. Есептен шығаратындарда да жағдай дұрыс болмай тұр. ...Жағдай өте күрделі", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін жедел жәрдем қызметінің жұмыс уақыты өзгеруі мүмкін екені хабарланды. Кейінірек Денсаулық сақтау министрі Әлназарова жедел жәрдем қызметіне қатысты өзгерісті түсіндірді.
"Халық үшін жедел жәрдем 24/7 режимінде 103 нөмірі бойынша қолжетімді болып қала беретінін айта кеткен жөн. Өзгерістер шақыртуларға қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасын арттыру мақсатында емханалардың қасынан құрылатын бригадаларға қатысты. Мобильдік бригадалардың санын көбейту туралы шешім қабылданды", - деді министр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!