Қазақстанда жедел жәрдем көліктеріне сын жиі айтылады. Министрліктің бұл бағыттағы есебі қандай? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, Қазақстанда 2 355 санитарлық көлік бар, оның 1 479-ы қалада, 879-ы ауылдық жерде.
Бүгінде 2 022 көлік қолданыста екені белгілі болды.
2024 жылы 22 санитарлық көлік сатып алынған, бесеуі мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен, 17-сі жергілікті бюджет есебінен.
Айта кетейік, Қазақстанда жедел жәрдем көліктеріне қатысты мәселені облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың денсаулық сақтау басқармалары қадағалайды.
Жуырда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жедел жәрдем көліктерін есептен шығару бойынша мәселені көтерді. Оның сөзінше, жедел жәрдем көліктері 7 жыл баланста тұру керек деген ой қалыптасқан.
"Көлік бір жылдың ішінде 120 мың шақырым жүретін болса, үш жылдың ішінде шашылып қалады, 7 жылға қалай жеткізесің?! Екіншіден, 7 жылдан кейін үш рет аукционға шығару керек. Аукционға шығарған соң оны ешкім сатып алмаса немесе сатып алғаннан кейін ғана оны есептен шығарады. Сонда былай қарағанда, цикл - 8-9 жыл", - деді депутат.
Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге жауап берді. Ресми жауапқа сүйенсек, мемлекеттік мекемелердің ұзақ мерзімді активтері бойынша жылдық тозудың нормалары - бастапқы құнына 15 пайыз, қарапайым сөзбен айтсақ, санитарлық көлікті пайдалану кезеңі - 6 жыл 6 ай.
"Санитарлық көлік тәулік бойы жұмыс істеуіне байланысты әр көліктің ай сайынғы жүрісі - орта есеппен 10 мың шақырым, ал жылдық жүрісі - 100-120 мың шақырым. Санитарлық көлікті көп пайдалану қозғалтқыштардың, ірі тораптар мен агрегаттардың тез тозуына әкеп соғады, бұл санитарлық көлікті істен шығарады. Тәжірибеге сүйенсек, санитарлық көлікті пайдаланудың оңтайлы мерзімі - 4 жыл", - деп жазылған жауапта.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шешу үшін Қаржы министрлігіне жылдық тозу нормасын 15 пайыздан 25 пайызға дейін ұлғайту туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша хат жолдағанын хабарлады.
Қазақстан бойынша санитарлық автокөлік 61 пайызға тозған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 42,8 пайыз болған.
"Қазір есептен шығаруды талап ететін 361 санитарлық көлік бар", - деп жазылған министрліктің жауабында.
Санитарлық көлік қатты тозған өңірлер:
Жедел жәрдем қызметіне, жедел жәрдем көліктеріне қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. 2024 жылы жалпы бөлінген қаржы көлемі - 112 518,957 теңге.
Ресми жауапқа сүйенсек, Қазақстан бойынша жедел жәрдем көліктерін медициналық жабдықтармен қамту деңгейі - 98,3 пайыз (қалада 98,6 пайыз, ауылдарда 97,9 пайыз).
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем қажет екенін айтты. Бұл туралы депутат комитет отырысында мәлімдеді.
Сондай-ақ Қызылорда облысындағы адамшошырлық халдегі жедел жәрдем көлігінің видеосы тарады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!