Алматы облысы Гүлдала ауыл округі шенділерінің сөзіне тұрғындар сенбейтін болған. Кіші Байсерке ауылының жұрты жол азабын тартып отыр. Көпшілік қатынайтын жол жабылған соң, атқамінерлер осыдан алты ай бұрын жаңа жолды ашамыз деп уәде берген дейді. Бірақ сөзі мен әрекеті сәйкес келмей жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Енді үйіне, не жедел жәрдем, не өрт сөндіру көлігі кіре алмайды. Телеарна мәліметінше, көлік түгілі, жаяу адам жүре алмайды. Осылайша Кіші Байсерке ауылындағы бақандай 20 отбасы қамалып қалып отыр.
"Менің бірінші топтағы мүгедек балам бар. Жедел жәрдем шақырсақ, кіре алмайды. Екі-үш рет көтеріп келдік, бері қарай, осы жақында. Бізге оңай емес. Көшенің арғы басында тұрамыз. Сол жақтан бері қарай көтеріп алып келеміз", - дейді Кіші Байсерке ауылының тұрғыны Айдос Қосымқұлов.
Кезінде тұрғындар мына жерге тас төсеп, жол ретінде пайдаланып келген. Сөйтсе бұл учаскенің иесі бар екен. Ал, карта бойынша жол тұру керек болған жерді шенділер әлі күнге дейін реттемей отыр дейді.
"Балалар мектепке барады. Аяқтары тізеден батпақбатпақ болып келеді. Жағдайымыз қиын. Негізгі мәселе бізге жол жасап берсін. Жай өзіміз жасаған жолды қожайындары жауып тастады. Негізгі жолымыз мүлде жоқ", - дейді тұрғын Айман Ғазизова.
Ал учаскенің иесі жол салмаған атқамінерлердің кесірінен не үй тұрғыза алмай, не өз жерін қоршай алмай отыр.
"Мен ол учаскені екі жыл пайдалана алмай отырмын Әкімге ескертілген. Екі жылдан бері ескертілді. "Мақсат аға, мына жерді мен пайдаланайын, менің сатып алған учаскем" деп айтылған әкімге. Сонда күнніге маған 10 күн, 5 күн, 67 күн уәделеседі. Бірақ, уәдеге келмейді. Өткенде, бір рет келді талын алды да қайтып кетті. Содан жоқ. Болды, жол жасалады, мынамен қайтып тесіп шығамыз үлкен жол болады деген", - дейді Ернар Сәрсенов.
Уәдені үйіп-төккен Мақсат дегендері - ауылдық округтің әкімі. Өзін орнынан таба алмадық. Ауданға кетіпті. Қол астындағылары жұмыстың соншама созылып кетуін мердігерді анықтайтын байқаумен байланыстырып отыр.
"11 қазан күні келісімшартқа отырдық. Ол конкурсқа 5 мердігер қатысып, «Алматы Роад» деген ЖШС ұтып алды. Бірақ, бүгінге дейін жұмыс басталған жоқ. Сол себептен кеше мемлекеттік сатып алу веб порталы арқылы оларға жұмысты тез бастау туралы хабарлама жібердік. Бұл жұмыс 45 күнге созылады. 26 қарашаға дейін уақыты бар. Мердігер жұмысты бастаса көше тегістеліп, балас пен қиыршық тас төгіледі. Осы бір-екі күнде бастаймыз деді", - дейді Гүлдала ауыл округі әкімінің орынбасары Меруерт Әзілқияшева.
Осылайша жауаптылар бүгін де ертеңмен құтылып кеткен. Былайша айтқанда, әкімдіктегілер халықтың мұңына мүлдем құлақ асқысы келмейтін сыңайлы. Өйткені 2700 түтіні бар Кіші Байсерке ауылында жолдан бөлек өзге де мәселелер жетерлік. Жарық жөнді жанбайды. Газ мүлде жоқ. Аталмыш түйткілдерді атқамінерлер келесі жылы шешеміз деп сендірген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!