- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жедел жәрдем туралы
Жедел жәрдем қанша уақытта келуі керек?
Жедел жәрдем көліктері азаматтардың шақыруына қанша уақытта келуі керек? Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Massaget.kz тілшісі жолдаған ресми сауалға жауабында айтылған.
Жедел жәрдем қанша уақытта жетуі керек?
103 пультіне шақырту түскеннен бастап жедел жәрдем бригадасы мына уақытта жетуі қажет:
- 1-жеделділік санатындағы шақыртуларға орташа уақыт - 9 минут
- 2-жеделділік санатындағы шақыртуларға орташа уақыт - 12,1 минут
- 3-жеделділік санатындағы шақыртуларға орташа уақыт - 17,9 минут
- 4-жеделділік санатындағы шақыртуларға орташа уақыт - 23,8 минут.
Айта кетейік, бірінші санатқа өмірге қауіп төндіретін жағдайлар, жүрек тоқтауы, ауыр жарақат, инфаркт, инсульт, т.с.с. жатса, екінші санатқа қауіпті, бірақ біршама тұрақты жағдайлар, үшінші санатқа тұрақты, бірақ медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар, төртінші санатқа өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар жатады.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Қай өңірлерде жедел жәрдем көліктері көп кешігеді?
Қазақстанда биылғы 10 айда 4,7 пайыз жағдайда жедел жәрдем кешігіп жеткен.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, 4-жеделділік санатындағы шақыртуларға жедел жәрдем жиі кешіккен. Бұл - өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар.
"Мұндай кешігулер Астана, Алматы қалаларында және Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында жоғары. Кеш жетуге негізгі себеп - жедел жәрдем бригадасының жүктемесі, маусымдық аурулар көбейген кезде шақырту да көбеюі", - деп жазылған ресми жауапта.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Ауыл мен қалада айырмашылық бар ма?
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша 2017 жылы жедел жәрдем қызметі біріктірілген. Оның құрылымына облыстық (қалалық) станциялар, аудандық бөлімшелер және медициналық авиация бөлімшелері кірген.
"Бұл норма аясында облыс бойынша жедел жәрдем жұмысын бірыңғай үйлестіру, ресурстарды тиімді бөлу, жәдел жәрдемнің қалалық және аудандық бөлімшелерін дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен толық қамтамасыз ету, жедел жәрдем мамандарын халықаралық стандарттарға (BLS, ACLS, PALS, PhTLS) сәйкес практикалық дағдыларға оқыту көзделеді", - деп жазылған жауапта.
Сондай-ақминистрлік мәліметінше, шақыруларды қабылдау, өңдеу жөніндегі диспетчер 103 пультіне түскен шақырудың нақты мекенжайын анықтап, науқастың деректерін рәсімдеп, дереу GPS навигациялық жүйесі арқылы және жедел жағдайды ескере отырып, жақын маңдағы жедел жәрдем бригадасын шақырады.
"Қазір қалалық, ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін жедел жәрдем сапасы мен қолжетімділігінде айырмашылықтар жоқ", - деп жазылған жауапта.
Биыл қанша адам жедел жәрдемге шағымданды?
2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша жедел жәрдем қызметіне 89 шағым түскен, оның ішінде қалада 60,7 пайыз және ауылдық жерлерде 39,3 пайыз.
Ведомство тиісті шағымдар бойынша тәртіптік жазалар, еңбек шарттарын бұзу, қызметкерлерді қайта оқыту және аттестаттау секілді шаралар қолданылатынын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем қажет екенін айтты. Бұл туралы депутат комитет отырысында мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова