Жедел-жәрдем жүргізушісін ұрды деп айыпталған Нұрболат Дәкебаев сотта күтпеген мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағандыда Төреғали Берікқалиұлын ұрып-соғуға қатысты атышулы іс бойынша басты сот отырысы өтті. Прокурор айыптау актісін оқыды, онда сотталушы мен жәбірленуші арасындағы жанжалдың хронологиясы баяндалған.
27 қаңтарға қараған түні Нұрболат Дәкебаев әпкесінің өтініші бойынша раковинаның астындағы шкафты қоқыс жәшігіне апару үшін көшеге шыққан. Екінші квартал шағын ауданындағы көпқабатты үйдің ауласында қоқыс контейнерлеріне жолды бөгеп тұрған жедел жәрдем көлігін көрген.
"Сотталушы жол жиегінде келе жатып, Берікқалиұлына балағат сөздер айтып, жедел жәрдем көлігін де итеріп жіберген, қайтар жолда фельдшердің көзінше жүргізушіге тағы да балағат сөздер айта бастаған. Бұрылыста Берікқалиұлы Дәкебаевтың неге ашуланғанын білу үшін көліктен түскен. Сағат 00:15 шамасында екі қолын жұдырықтай түйіп, беті мен басынан кезекпен үш рет соққы жасап, одан кейін бір рет қабырғасынан соққы берген", - деді прокурор Бекзат Әшірбеков сот отырысында.
Сотталушы өз ісінде жауыздық ниет болғанын мойындамай, әрекетіне өкінетінін мәлімдеді. Жанжалдың мән-жайын анықтаған кезде Нұрболат Дәкебаев күтпеген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ол іздеуде жүргенін бесінші күні біліп, бірден полицияға берілуге бел буған.
"Мен балағат сөздер айтпадым және жанжалдың болғанын қаламадым. Жанжалдан қашуға тырыстым. Көлікті алып тастауын өтіндім. Бар болғаны 10 метр жерде осы үйдің тұрғындары көлігін қоятын жер бар. Ол жақ бос еді. Жанжалдан кейін ауданға өз шаруаларыммен кеттім, құрылыста жұмыс істеймін. Әлеуметтік желіден мені іздеп жатқанын білген соң, берілуге бел будым", - деді Нұрболат Дәкебаев.
Зардап шеккен Төреғали Берікқалиұлы бірнеше күннен кейін мұрнына екінші ота жасатады. Жүргізуші денсаулығына ауыр жарақат алғанын айтты. Жәбірленушінің адвокаты оның денсаулығына келтірілген зардаптың дәрежесін дәлірек анықтау үшін қайта сараптама жүргізуді қолға алмақшы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз