Жедел жәрдем жете алмаған. Қостанай облысында ТЖМ қызметкерлері науқас әйелге көмектесті

Қостанай облысындағы ауылдардың бірінде ауа райының қолайсыздығынан жедел жәрдем жағдайы ауыр науқастың шақыртуына жете алмады. Артынша Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары көмекке келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бір күн бұрын Қостанай облысы Қарасу ауданы Новоселовка ауылында қатты қарлы боран соғып, ауылға кіретін жолдар жабылып қалған. Салдарынан жедел жәрдем науқастың шақыртуына жете алмады. 

1966 жылы туған әйел медициналық көмекке мұқтаж болған. Дәрігерлер құтқарушылардан көмек сұрап, артынша олар жол талғамайтын көлікпен жолға шықты.

Жолдың қиын бөлігін аман-есен еңсерген Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жағдайы ауыр науқасты ауруханаға жеткізді.

Фото: ҚР ТЖМ

Дәл осындай оқиға Ақмола облысында да болды. Түнде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне Ақмола облысының Шортанды ауданында жеке аэродромның 1973 жылы туған қызметкері өзін нашар сезінгені және оны медициналық мекемеге жеткізу қажет екені туралы хабарлама түсті.

Жолды қар басып қалғандықтан, аэродром иелері көліктерімен шығып кете алмаған. Құтқарушылар шақырту орнына рельефтік көлікпен барып, науқасты тасжолға шығарып, одан әрі ауруханаға жеткізу үшін ТЖМ Авариялық медицина орталығының бригадасына тапсырды.

Еске салайық, бір күн бұрын Қостанай облысы Жангелді ауданы Шұбалаң ауылының тұрғыны үйінен мал бағуға шығып, қайтып оралмаған болатын. Туыстары құтқарушылардан көмек сұраған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!