Мойынқұм ауданындағы музейге Ж.Қуанышбаевтың есімі берілген. Онда атақты шопан тұтынған бұйымдар сақтаулы тұр. Музей директоры Ләйлә Қожагелдиева Massaget.kz тілшісіне сақтаулы жәдігерлер туралы айтып берді.
"Мойынқұм ауданы десе, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған шопан Жазылбек Қуанышбаев бірден еске түседі. Жазата туралы дерек іздегендердің Жамбыл жеріне, Мойынқұмға атбасын бұрмай кеткен емес. Музейде шопан атаның киген костюм-шалбары, тақиясы, қамшысы мен ақ таяғы, түрлі марапаттары мен құжаттары сақтаулы тұр. Соның ішінде жұрттың назарын аударатын жәдігерлердің бірі – қос "Алтын Жұлдызы" (көшірмесі) болса, екіншісі – ағаштан жасалған төсек", - дейді музей директоры.
Музейдегі құнды жәдігер – ағаш төсектің тарихы бөлек. Жиһазға қарап оның асқан шебердің қолынан шыққанын бірден байқауға болады. Стилі – ХІХ-ХХ ғасырларға тән бұйым екенін көрсетеді.
"Ағаштан жасалған төсекті Жазата соңғы күніне дейін пайдаланған. Оны музейге 2013 жылы 18 жастағы немересі Еркебұлан тапсырды. Тараздың 2000 жылдығы тойланғанда бұл жиһаз орталықтағы көрмеге де қойылған", - дейді маман.
Ләйлә Қожагелдиева – Жазатаның келіні, егіз ұлдарының бірі Тойшыбайдың жұбайы екен. Оның айтуынша, шопан Еңбек Ері атағымен бірге тапсырылған қос "Алтын Жұлдызды" егіз ұлдарына, бірін Тойшыбайға, екіншісін Қойшыбайға тапсырып кетіпті.
"Біз олардың көшірмесін жасатып, музейге қойдық. Ал ағаш төсекті "Малшылардың маршалына" аудандағы "ПМК- 2006" құрылыс мекемесін ұзақ жылдар жемісті басқарған неміс Иван Экгардтқа сыйға тартқан", – деп түсіндірді Жазатаның келіні.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!