Бүгін Халық жазушысы Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Жазушының жерлеу рәсімі АҚШ-та өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ІТ саласындағы маман Тимур Бектұр жазды.
"Әгәрәки, АҚШ-та жүргендер болса, рәсімдері осындай:
- қаңтардың 9-ы, бейсенбі ақшамда дүние салған Мұхтар Мағауиннің жаназасы ертең, қаңтардың 11-і сенбі күні сағат 10:00-де түріктің Diyanet Center of America мешітінде (9610 Good Luck Rd, Lanham, MD 20706) оқылады,
- қонақасы да сол орында 13:00-де беріледі.
- жерлеу рәсімі 11:00-де Parklawn Memorial зиратында (12800 Veirs Mill Rd, Rockville, MD 20853) өтеді", - деді ол.
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол - жазушы, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996).
1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық қызметте, 1988 жылы "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.
Мұхтар Мағауиннің "Қобыз сарыны", "Көк мұнар", "Аласапыран", "Мен", "Жармақ", "Шыңғыс хан", т.с.с. шығармалары бар.
1984 жылы "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
Еске салайық, бұған дейін жазушы Мұхтар Мағауин Түркияға көшкені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!