Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, драматург Әкім Тарази өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаралы хабарды Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы жеткізді.
"Қазақ әдебиеті мен өнері орны толмас ауыр қайғыға ұшырады. Бүгін көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Франц Кафка медалінің иегері, профессор Әкім Үртайұлы Тарази дүниеден өткенін күйзеле отырып хабарлаймыз. Әкім Тарази – қазақ әдебиеті, киносы мен драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның қаламынан туған туындылар қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алды. Тарихи, философиялық, әлеуметтік тақырыптарды терең қозғаған шығармалары бірнеше буын оқырманның рухани жан азығына айналды. Қазақ әдебиеті, мәдениеті мен өнері жолындағы еңбегі мәңгі есте сақталады", – деп жазылған хабарламада.
Әкім Тарази 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Орта мектепті 1950 жылы Жамбыл облысы Луговой (Рысқұлов) ауданы Жаңатұрмыс ауылында бітірген. 1957 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының филология факультетін бітірді. 1957-1959 жылдары Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңатұрмыс орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. 1960-1962 жылдары Мәскеудегі жоғарғы кинематография курсында (КСРО мәдениет министірлігінде) дәріс тыңдады.
Әкім Таразидің "Ақбердінің ауласы", "Бұлтқа салған ұясын", "Тасжарған", "Қорқау жұлдыз", "Шер", "Қиянат", "Мұстафа Шоқай", "Тәж", "Жаңбырлы түндер" секілді романдары бар.
Қазақ киносының алтын қорына қосылған кинотуындылары: "Тұлпардың ізі", "Арман атаман", "Қараш-қараш", "Мұстафа Шоқай".
Қазақ театрларының сахнасындағы драматургиялық шығармалары: "Күлмейтін комедия", "Жақсы кісі", "Жолы болғыш жігіт", "Ақын, періште, махаббат", "Індет", "Махамбет", "Лайнер", "Үкілі жұлдыз", "Қыз махаббаты" т.б. Жазушының бірнеше шығармасы орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылды.
Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің "Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы", "Мыңқолдың төрт ханы" тарихи ғылыми-зерттеу еңбегін, Ф.Рабленың "Гаргантюа және Пантагрюэль" романын алғаш рет қазақ тіліне аударды.
1994 жылы "Құрмет белгісі" орденімен, 1997 жылы "Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері" мемлекеттік наградасымен марапатталды, 1999 жылы Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2011 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты (Прага) атағына ие болды, 2015 жылы "Отан" ордені мемлекеттік наградасымен марапатталды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!