Огайо штатындағы жазғы фестивальде болған атыс салдарынан он екі адам жараланд, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, оқиға Толидо қаласында болған. Жергілікті полиция бұл туралы алғашқы мәлімдемесін X әлеуметтік желісінде жариялады.
"Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары атыстан зардап шеккен бірнеше адамды анықтады. Олардың көбі көмек көрсету үшін жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілді", — делінген жарияланымда.
Қалалық полиция басқармасының өкілдері күдіктілерді іздестіріп жатыр. Құқық қорғау органдары полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтағанға дейін Толидо тұрғындары мен қонақтарынан бұл аумаққа жоламауды сұрайды.
Кейін полиция 12 адамның жараланғанын нақтылады. Толидо полициясы басшысының орынбасары Джозеф Хеффернанның айтуынша, оқты кем дегенде екі адам бір-біріне атқан болуы мүмкін.
Зардап шеккендердің жасы 14 пен 61 жас аралығында, олардың басым бөлігі — 20 жас шамасындағы жастар. Атыс кезінде фестивальде бірнеше жүз адам болғаны айтылды.
Жыл сайынғы жазғы фестиваль - Толидо тұрғындарының дәстүрлерінің бірі. Оның бағдарламасына жанды дауыстағы концерттер, азық-түлік жәрмеңкелері, сондай-ақ, балаларға арналған іс-шаралар кіреді.
Фестивальде қосымша полиция күштері, сондай-ақ, ұйымдастырушылар тартқан кезекшілікте емес көптеген полиция қызметкерлері жұмыс істеді. Сонымен қатар, бұл аумақта мобильді бақылау камералары қолданылған.
Огайо штатының губернаторы Майк Девайн болған оқиғаға қатты алаңдаушылық білдірді.
"Жазғы фестивальдер отбасылар зорлық-зомбылықтан қорықпай, бірге уақыт өткізе алатын қауіпсіз орын болуға тиіс. Біз... құқық қорғау органдары осы қылмысқа қатысы бар күдіктілерді табатынына сенімдіміз", - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Фестивальдің жексенбі күні жұмысын жалғастырып-жалғастырмайтыны әзірге белгісіз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз