Жазғы демалыс жақындады: ІІМ оқушылар мен студенттерге үн қатты

Жазғы демалыс жақындады: ІІМ оқушылар мен студенттерге үн қатты
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі оқушылар мен студенттерге үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Құрметті оқушылар мен студенттер! Жазғы демалыс қарсаңында Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударады. Санаулы күндерден соң көптен күткен каникул басталады. Бұл - тынығу мен сергуге, жаңа әсер алуға таптырмас уақыт. Алайда бір маңызды мәселе бар. Дәл осы кезеңде интернетте және әлеуметтік желіде тез әрі оңай табыс табуға бағытталған "тартымды" ұсыныстар жиі кездеседі. Бірақ олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, сондай-ақ, насихаттау мен жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер тұруы мүмкін. Бұл жай ғана қауіп емес, бұл - қылмыс", - ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Ішкі істер министрлігі мәліметінше, есірткіге қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ең қатаң жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру.

"Бір ғана "жеңіл табыс" бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін. Күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Еркіндік ақшадан қымбат", - деді Қуандық Әлжанов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget