Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтарынан 3 мыңға жуық бала, жетім балалар, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
20 маусымда балалар Қонаев қаласындағы "Балдәурен" лагеріне барды. Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында "Жанұя" мамандандырылған кешенінен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 100 бала және Бостандық ауданының мектептерінен 15 бала демалып жатыр.
Сондай-ақ, Жетісу ауданының мектептерінен 76 бала және Медеу ауданынан 155 бала Avat kids camp лагеріне жіберілді. Түрксіб ауданындағы 263 бала Қонаев қаласындағы Jellyfish Camp лагеріне жіберілді. Бұған қоса, 7 шілдеде "Жанұя" мамандандырылған кешені тәрбиеленушілерінің 80 баласы және "Мейірім" өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 12 баласы Avat kids camp лагеріне барды.
Биылғы жылы Алматыда 266 мың баланы жазғы демалыс кезінде демалыспен және жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сауықтыру демалысымен жетім балалардың, ерекше білім беру қажеттіліктері бар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары 100 пайыз қамтылады.
Оқушылар сарайының "Өрнек" лагерінде 3 маусымда 900 бала демала алады. Бұлар - "Жанұя" мамандандырылған кешеннің тәрбиеленушілері, халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары, сондай-ақ, конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!