Денсаулық сақтау министрлігі жаз мезгіліне байланысты азаматтарға ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мамандардың сөзінше, күн жылынуына байланысты тамақтан улану қаупі артады. Тамақтан улану - құрамында зиян микроорганизмдер, токсиндер немесе химиялық заттар бар азық-түлік пен сусынды тұтынғаннан пайда болатын ауру.
Дәрігерлер тағамнан уланудың алдын алу үшін бірнеше қарапайым ережені сақтауға кеңес берді. Ең алдымен қолды, жеміс-жидек пен көкөністерді мұқият жуу қажет. Сонымен қатар, өнімдерді сақтау талаптары мен жарамдылық мерзіміне ерекше назар аударған жөн.
Шикі және дайын тағамдарды бірге сақтамау да маңызды. Бұл зиян бактериялар бір өнімнен екіншісіне таралуының алдын алады.
Сондай-ақ, ет, балық, жұмыртқа және сүт өнімдерін толық термиялық өңдеуден өткізу керек. Бұзылған немесе сапасына күмән тудыратын тағамдарды тұтынудан бас тартқан дұрыс.
Мамандар азық-түлікті рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмауға шақырды.
Дәрігерлердің айтуынша, осындай қарапайым сақтық шараларын ұстану денсаулықты қорғауға және тағамнан улану қаупін азайтуға көмектеседі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова