- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жазда моншаға бару...
Жазда моншаға бару пайдалы ма?
Моншаға бару - уақытты жағымды әрі пайдалы өткізудің бір жолы. Қыста моншаға бару үйреншікті нәрсе, себебі жылдың бұл маусымында иммунитетімізді қатайтып, аязды күндері қосымша жылу аламыз. Ал жазда моншаға барудың қажеттілігі бар ма? Massaget.kz жазда моншаға барудың артықшылықтары мен ескеру керек жайттарды ұсынады.
Жазда моншаға барудың артықшылықтары
Денені шынықтыру
Жазда біздің ағзамыз төзімді әрі берік болады, сондықтан жаз - шынығуды бастауға керемет уақыт. Әсіресе, балалардың ағзасын жазда шынықтырып бастаған дұрыс. Тыныс алу жолдарының аллергиялық ауруларымен күресу үшін және қысқы суыққа иммунитетті қатайту арқылы ағзаны дайындау үшін жазда моншаға барған дұрыс.
Ыстыққа бейімделу
Монша процедуралары ағзаны шынықтырып қана қоймай, сондай-ақ бізге ыстыққа бейімделуге көмектеседі.
Ісінуден арылу
Жазда қысқа қарағанда сұйықтықты көп ішеміз. Бұл дұрыс, алайда кейде су тіндерде жиналып, аяқ-қолыңыз ісініп кетуі мүмкін. Монша бүйректердің белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді, бізді терлеуге мәжбүрлейді және ағзадағы артық сұйықтықты шығарады.
Ыдырау өнімдерін шығару
Жазда ультракүлгіннің әсерінен терімізде ыдырау өнімдері жиналып қалады. Монша оларды сыртқа шығаруға көмектеседі. Барлық уыт, хлорид, несепнәр, шлак және басқа да зиянды заттар тері тесіктері арқылы шығып кетеді.
Қан тамырлардың серпімділігін қалыпқа келтіру
Жылу ағзадағы холестеринді түйіншіктердің қозғалғыштығына ықпал етеді. Моншадағы ыстық бу оларды жағуға және басқа биологиялық ыдырау өнімдерімен бірге сыртқа шығаруға ықпал етеді. Осылайша, монша тамырлардың серпімділігін қалыпқа келтіруге көмектеседі.
Тері жағдайын жақсарту
Жазда күн белсенділігі мен ауаның жоғары температурасы салдарынан біздің терімізге үлкен күш түседі: тері тесіктері бітеліп қалады. Ал моншаға жүйелі түрде бару тері түсін жақсартады, оны жасартуға және артық тер майынан тазартуға көмектеседі.
Арықтауға ықпал ету
Жазда адам ағзасы калорияны белсенді жағады. Сондықтан оған монша арқылы қосымша көмектесе аласыз.
Шаршағанды басу
Моншада бұлшықеттеріңіз босаңсиды, көңіл күйіңіз жақсарады және шаршағаныңыз басылады.
Моншаға түсу ережесі
Жоғары температураға жақсы бейімделу үшін алдымен денені қыздырып алған дұрыс. Жылы душтың астында тұрыңыз және денені қыздыратын массаж жасауға болады.
Булы бөлмеге алғаш кіргенде 3 минуттан артық отырмаған дұрыс. Булы бөлмеге кірер алдында 15 минут демалыңыз.
Моншаға бірінші рет барғанда буға 3 рет кіру жеткілікті.
Моншада адам сұйықтықты көп жоғалтады. Сондықтан су ішу режимін сақтау керек. Буға кірер алдында немесе шыққан соң шөлдесеңіз, сұйықтық ішіңіз. Мысалы, компот, морс немесе қарапайым су.
Буға кірерде маска немесе кремдер жақпаңыз. Кей кометикаларда эфир майлары көп болады. Олар қызған кезде теріні күйдіруі мүмкін.
Моншадан шаққанда күтім құралдарын бірден жақпаған дұрыс. Теріні 3-4 сағат демалтып, содан соң жаға берсеңіз болады.
Моншада температура жоғары болғандықтан, кей адамдарға оған баруға болмайды:
- жүкті әйелдер;
- жүрек ауруы бар адамдар;
- гипертония (жоғары қан қысымы) немесе гипотониясы (артериялық қысымның төмендеуі) бар адамдар;
- ұстамалы аурулары бар адамдар;
- антибиотик қабылдап жүрген адамдар;
- психотроптық дәрілер қабылдап жүрген адамдар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова