- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жазда эпидемия басылмайды...
Жазда эпидемия басылмайды - Біртанов коронавирус туралы
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстандағы коронавирусқа қатысты болжамын бөлісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, вирус жұқтырудың негізгі кезеңі сәуірдің ортасы мен мамыр айлары, жалпы эпидемияның шарықтау шегі сәуірдің бірінші жартысы болады деп айтуға болады. Ол кезеңде шамамен 3500 науқас болады деп ойлап отырмыз", - деді Біртанов Facebook желісіндегі парақшасында.
Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, карантин шаралары коронавирустың тарауын 28 наурыздағы көрсеткіштен 52 пайыздан 12 пайызға төмендеткен.
"Алдағы таңда, жаз мезгілінде эпидемиологтар вирус қарқынды төмендеуі мүмкін екенін, бірақ эпидемия толығымен жоғалып кетпейтінін айтады. Сарапшылар эпидемия күзде қайталануы мүмкін екенін болжап отыр", - деді министр.
Осы секілді болжамдардың айтылып жатқандықтан, қазірдің өзінде коронавирус жұқтырғандар үшін 3920 төсек-орын мен вирусты жұқтыруы мүмкін деген күдіктегі адамдарға 7300 орын дайындалған. Сонымен қатар, ауыр жағдайдағы науқастарға 170 жасанды тыныс алдыру аппараты мен 38 қанның экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппараты бар 180 орын дайындалған.
"Алайда науқастар орта есеппен ауруханада 3-4 апта жататынын және вирус жұқтырғандар саны өсуі мүмкін екенін ескерсек, бізге әлі де қосымша орындар қажет", - деп түсіндірді Елжан Біртанов.
Еске салайық, бүгін Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 569-ға жетті. Барлығы 36 науқас жазылып шықты, 6 адам өлімі тіркелді.
Н. Үсенова