Биыл жазда бензин бағасы өсе ме және Қазақстанда отын бірден 100 теңгеге қымбаттауы мүмкін бе? Мәжіліс дәлізінде осы сауалдарға энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен "бензин бағасы бірден 100 теңгеге көтерілуі мүмкін бе?" деп сұрады.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік реттеу жойылғаннан кейін отын құны енді нарыққа, яғни ел ішіндегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты белгіленеді.
"Мендегі ақпарат бойынша баға 3-4 теңгеге өсті", - деп мәлімдеді министр.
"Жаздың аяғына дейін тағы да қымбаттай ма?" деген сұраққа министр мемлекет енді бағаны белгілемейтінін тағы да қайталады.
"Біз нарықты реттемейміз. Нарыққа қатысушылар 3-4 теңгеге көтеруді әділ деп санаса, баға өзгереді. ...Азаматтарды сабырға шақырғым келеді, Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр және қолдан келгеннің бәрін жасайды", - деді ол.
Айта кетейік, 2025 жылы Энергетика министрлігі жанармай бағасына мораторий белгілеген болатын. АИ-92 бензині литріне 213-239 теңге, дизель 317-337 теңге аралығында болуға тиіс еді. Соның арқасында баға былтыр жыл бойы және 2026 жылдың алғашқы айларында тұрақты болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!