- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жаз өтіп барады"....
"Жаз өтіп барады". Павлодарда ойын алаңдарының құрылысы ұзаққа созылып кетті
Павлодар қаласының тұрғындары ойын алаңдары құрылысының ұзаққа созылып кеткеніне шағымданып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Көктемде көпқабатты үйлердің ауласындағы алаңқайлар сүріліп тасталды. Бетон төселіп, жаңа алаңға орын дайындады. Жоспарға сай, жыл аяғына дейін біріңғай үлгідегі жүздеген алаң жабдықталуы тиіс еді.
Павлов көшесіндегі он қабатты үш үйдің ауласындағы ескі алаң мамыр айында бұзылды. Екі апта ішінде жаңасын салып береміз - деген мердігер уәдесінде тұрмады.
"Шілде айында салынады деді. Жаз өтіп барады. Балалар аптап ыстықта бетонның үстінде ойнап жүр. Жығылып, тізелерін сырып алады. Өте қауіпті. Біздің бұған дейінгі ойын алаңымыз жақсы болатын. Соны қалдырғанда мұндай шу көтермейтін едік", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Алина Алдажарова.
Бетонның үстінде асыр салып ойнап жүрген балалар да жаңасын асыға күтіп отыр.
Аулаларды абаттандыру ісі бойынша қала әкімдігі ауқымды жұмыс жоспарын құрған. Бір үлгідегі 150 алаң орнатылуы тиіс еді. Бүгінгі таңда оның 28-і қойылды. Бірақ қажетті ойын жабдықтары толық алынбапты. Жоба бойынша ойын алаңы 13 элементтен тұрады. Ол турник, сырғанақ, әткеншек сынды өзге де ойын құралдары.
"Сертификатталған ойын элементтерін жеткізу ұзаққа созылып кетті. Осыған байланысты жұмыс тоқтап тұр. Алдағы күндері ойыншықтар тиелген жүк көліктері қалаға келеді. Балалар алаңын абаттандыру жұмыстары толық көлемде жалғасады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі тамыз айының соңына дейін жұмыстың 50 пайызын аяқтайды", - дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Оразалин.
"Партияның бақылау Комитеті оны қолына алды. Мониторинг өткізілді. Бүгінгі таңда тамыз айына дейін осы элементтер бәрі толық құрылатын болады. Ал қалған ойын жабдықтары қазан айының ортасына дейін мердігер уәде беріп жатыр орнатылатын болады", - дейді қалалық Мәслихаттың депутаты Санира Жүсіпова.
Өткен жылы Павлодар қаласы бойынша 175 балалар алаңы жаңартылды. Биыл 150, келесі жылы тағы 135 алаңды абаттандырыу көзделген. Жобаны уақытында аяқтауға қолбайлау болатын тұстар да бар. Мамандардың айтуынша, елімізде ойын құралдарын жасайтын ірі кәсіпорындар жоқ. Олардың көбі тапсырыспен ресейде жасалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина