- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жаз мезгілі қысқа"....
"Жаз мезгілі қысқа". Бектенов су тасқынынан бүлінген үйлерді уақытында салуды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынанан бүлінген үйлерді уақытында және сапалы салуды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тасқыннан 18 мың 5 тұрғын үй зардап шеккенін атап өтті.
"Оның 17 295 объектісі тексерілді. Олар бойынша 2 245 тұрғын үй салу, жылжымайтын тұрғын үй мүлік нарығында 5 235 тұрғын үй сатып алу, 9819 тұрғын үйді жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінде 1 828 үйдің құрылысы басталды. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 81 пайызына тең", - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмыстың қарқыны төмен.
"Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында. Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жақсы. Бүгінде 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір республика бойынша 1 943 тұрғын үй сатып алынды, 3 882 т үй жөнделіп жатыр. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары бойынша 1 772 үйдің иесі жер телімдерін алды", - деді Қанат Шарлапаев.
Министр қазақстандықтар құрылысты онлайн бақылай алатынын жеткізді.
"Сондай-ақ әрбір өңірдегі құрылыс алаңында жаппай тәулік бойы онлайн қолжетімділігі бар 52 камера орналастырылды. Алдағы аптада Ақтөбе облысында қосымша 6 камераны іске қосу жоспарланып отыр. Әкімдіктер әрбір объектідегі жұмыстарды жеделдету және жұмыстың уақытылы орындалуын ұдайы бақылауы қажет", - деді ол.
Премьер-министр Олжас Бектенов шенеуніктерге ескерту жасап, су тасқынынан бүлінген үйлерді уақытында салуды тасыпсырды.
"Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Онда жұмыс қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажет қарқынды ала-алмай отыр. Тағы да еске саламын. бізде жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады.
Әсіресе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару қажет", - деді Үкімет басшысы.
Ол көптеген өңірде су тасқынына қарсы күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалғанын, топырақ салынған қаптар пайдаланылғанын еске салды.
"Енді әкімдіктер бәрін өркениетті түрде қалпына келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықты алып тастап, кәдеге жарату керек", - деді Олжас Бектенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен