"Жайылымның 90 пайызын дерлік су басады". Павлодар облысына шығыстан қауіп төніп тұр

"Жайылымның 90 пайызын дерлік су басады". Павлодар облысына шығыстан қауіп төніп тұр
Фото: Massaget.kz

Ертіс тасыса Павлодар облысындағы өзенді жағалай қонған төрт ауданға қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті өңір билігі шығыстағы су қоймаларынан келетін суды қабылдауға дайындалып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Аймақ Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан жоспарлы түрде табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін суды қабылдауға дайындалуда. Биыл соңғы 11 жылда болмаған ең үлкен көлемде су күтілуде - 6,5 млрд текше метрден астам. Жайылымның 90%-ын дерлік су басады", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Қазіргі таңда жергілікті төтенше жағдай қызметімен бірлесіп барлық бөгеттерді тексеріп жатыр. Су басу ықтималдығы жоғары Кенжекөл ауылы, Атамекен кенті және Май, Ақтоғай, Тереңкөл және Аққулы аудандарында арық пен аңғарларды тазалау, жағалауды бекіту жұмыстары жүріп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Ертіс өзеніне шығыстағы су қоймаларынан белгіленген кестеде аз мөлшерде су босатылып жайылым 32%-ға ғана суға толды. Салдарынан шабындық құрғап керекулік шаруалар күзде шөптен тарыққан.

Е.Базарқұл

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы