Ауыл шаруашылығы саласындағы маңыздылығы жоғары мәселенің бірі – су ресурсы. 3 желтоқсан күні Атырау қаласында Жайық суының таяздап кетуіне байланысты ҚР су саясаты бойынша ұлттық диалогы жұмыс тобының арнайы отырысы өтті. Аталған шараға орман шаруашылығы, балық, су шаруашылығы, табиғатты қорғау және кеме қатынастары ведомстваларының уәкілдері және бірнеше қоғамдық ұйым қызметкерлері қатысты.
Су саясаты бойынша ұлттық диалог жүргізу жұмыстары Еуропалық Одақ және БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының көмегімен 2013 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осының салдарынан су ресурстарын тиімді пайдалану, оны әрі қарай дамыту, қорғау мәселелері өз шешімін тауып жатыр. Осындай кезекті проблемалардың біріне негізделген жиында ҚР АШМ Трансшекаралық өзендер департаменті директорының орынбасары Мұхтар Жәкенов Жайық өзенінде туындаған мәселе жайлы қысқаша мәлімдеді.
«Орал-Көшім жүйесі және басқа су қоймалары салынып жатқан кезде, Жайық ресурстарының сарқылғаны туралы айтылды. Сырдария өзені бойынша да осындай көрініс қалыптасқан, ал қазір шаруашылық мұқтаждықтарына кеңінен пайдалану салдарынан оның сағадағы ағын көлемі 10 еседей азайды. Сондықтан, Сырдарияда, атап айтқанда, оның Арал теңізіне құятын жерінде арнайы жоба әзірленіп, әлемдік қоғамдастық жұмылдырылды. Арал мен Сырдарияны бұрынғы деңгейге дейін қалпына келтіру мүмкін емес екені анық, дегенмен, ең болмағанда, қазіргі күйін сақтап қалу керек. Біз Жайық өзенінде де осындай шаралар алуға тиіспіз. Жалпы, өзеннің бастапқы көлемін толық қалпына келтіру жолы бар, бірақ бұл үшін Жайық-Көшім жүйесін бұзып, Ириклинск су қоймасын алып тастау қажет. Алайда бүгінде мұның мүмкін еместігін бәрі де түсінеді, - деді Мұхтар Жәкенов.
Мұхтар мырзаның айтуынша, ақ Жайықтың экожүйесін сақтау үшін Қазақстан және Ресей арасында ресми түрде екіжақты келісімге қол қойылды. Жиналыс барысында «Жайық-Урал» экологиялық қозғалысы ҚБ төрағасы Елена Тарасенко Жайықтың жағасындағы халық осы келісім бойынша нақты жұмыстар жүргізілгенін қалап отырғанын жеткізді.
«Біз 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз және осы жылдар бойына біз Жайық бассейнінің экожүйесін сақтап қалу үшін қол ұшын беруге тырысып келеміз. Алдымызда өте күрделі, көп қырлы міндеттер тұр, өзен ағып жатқан үш облыстың - Орынбор, Батыс Қазақстан және Атырау тұрғындары осы міндеттердің шешімін күтіп жүр, - деді Елена Тарасенко.
Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев те қатысты. Әлібек мырзаның ақпараттарына сүйенсек, Жайықтың қос жағасында облыстың орталығы, екі аудан, барлығы 30-ға жуық елді мекен орналасқан.
Көтерілген тақырыпқа байланысты ҚР АШМ Жайық-Каспий су инспекциясының бастығы Ғалидолла Әзидуллин де өз пікірін білдірді.
«Көп адам Ресей бізге жеткілікті су бермейді деп ойлайды, бірақ олай емес. Жазғы уақытта 3,2 млрд текше метр көлемдегі Ириклинск су қоймасы бізге көмекке келеді. Биыл су бізде ғана емес, өзеннің жоғарғы жағында да аз болды. Қазақстан мен Ресей арасында 2014 жылы бекітілген хаттама бар, оған сәйкес жыл сайын су көлемі көрсетіледі. Біз оның орындалуына бақылау жасаймыз. Ресей тарапынан хаттаманы бұзу фактілері болған жоқ,- деді Ғалидолла мырза.
Жайықтың суы тартылуына байланысты Атырау облысының Махамбет ауданында өзен ортасында аралдар пайда бола бастапты. Су инспекциясының басшысы бұл мәселені де қозғап өтті.
«Бұл аралдар өзен тайыздығынан пайда болған. Жайықтың орташа көпжылдық көлемі 9,5 млрд текше метр, биыл көктемде тасқын ағыны 30% ғана құрады, - дейді Ғалидолла Әзидуллин.
Суы тартылған өзеннің жағалауындағы топырақ та су болмағасын құрғап, кей жерлерді қуаңшылық басыпты. Жайықтың сағасы тарылып, өзен арнасы бұрынғыша толмағандықтан жағадағы орман да оталып жатыр. Тамырына су бармағандықтан жайқалған жасыл ағаштар да солғын тартып, қурап жатыр. Жайықтағы судың тартыла бастауы 2006 жылы алғаш байқалыпты. Сол уақыттан бері өзен суы әлі күнге дейін бұрынғы арнасына толмай ағады. Бір кездері мұнда ғылыми қызметкерлер келіп, мәселенің мән-жайын білу үшін түрлі тәсілмен зерттеу жүргізіп көрген. Нәтижесінде, өзен суының аздығынан жерасты сулары да төмендеп кеткенін байқапты.
Отырысқа қатысушылар көтерілген мәселенің шешімін табу үшін жиналысын уақытында бірнеше ұсыныс тастады. Жайықты ластанудан сақтап, өзеннің биоалуантүрлілігін сақтап қалуға бағытталған бұл ұсыныстар хатқа түсіп, олар алдағы уақытта ҚР Үкіметіне жолданатын болады.