Жайық өзенінің ұзындығы қысқарып қалуы мүмкін

"Трансшекаралық өзеннің орташа су көлемі үш есеге дейін азайған. Жайықтың тартылуы қазір бір Атыраудың емес, Қазақстан мен Ресей деңгейінде шешілуі тиіс күрделі мәселеге айналып отыр", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жайық өзені су ресурстарының 80% – ға жуығы Ресей аумағында қалыптасатындықтан, өзеннің төменгі ағысында орналасқан Атырау облысы көршілес мемлекет тарапынан келетін су көлеміне тәуелді болып отыр.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта көктемгі су тасқыны кезеңіндегі Жайықтың қалыпты деңгейі үш есеге дейін азайып, 140 см-ге жетіп отыр.
Белгілі болғанындай, қазіргі уақытта Атырау облысында түп тереңдету және жағалау бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, Жайық өзенінің соңғы үш жылда арналары тайыздалып экологиялық зардап шегу алдында тұр.


"Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі 9,46–дан 2022 жылы орташа жылдық ағыны 4,93 текше км-ге, яғни 2 есеге төмендеді. Осыған орай, бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажет етіледі. Ол үшін, Жайық өзенінің жоғары жағында орналасқан су қоймаларынан төмен қарай су жіберу көлемін арттыру, оның ағысын үйлестіру мәселелеріне және өзеннің ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруға Экология, табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше назар аударуды қажет" дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Айта кету керек, трансшекаралық стратегиялық маңызы бар Жайық өзенінің ұзындығы 2 482 шақырымды құрайды. Өзен Ресейдің Башқұрт Республикасы, Челябі мен Орынбор облыстарынан өтіп, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы Каспий теңізіне құяды. Егер Жайық мәселесі жақын жылдары оң шешімін таппаса, өзеннің ұзындығы қысқарып, Каспий теңізіне жетпей қалуы әбден мүмкін.


Баян Жанұзақова

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз