Атыраулық құтқарушылар тұрғындарды қайықпен тасымалдап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жайық өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты Махамбет ауданы Талдыкөл ауылының автожолынан су асып толып кетті.
25 мамырдан бастап құтқарушылар күшімен Талдыкөл ауылының тұрғындары алдын ала эвакуацияланды. Тұрғындарды уақтылы тасымалдау үшін құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда 2 206 адам, оның ішінде 197 бала тасымалданды.
"Бұдан бөлек, шаруа қожалықтарына "Шерп" арнайы техникасымен азық-түлік жеткізіледі. Халықты тасымалдау 08:00-ден 21:00-ге дейін жүзеге асырылады. Махамбет ауданында Жайық өзенінің су деңгейінің төмендеуі байқалады, бүгінгі таңда су деңгейі - 1004 сантиметр. Талдыкөл ауылында тұрғын үйлер мен нысандарды су басу фактілері жоқ. Атырау қаласындағы эвакопунктте орналасқан тұрғындар өз үйіне ішінара оралып жатыр", - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!