Бүгін Атырауда Жайық өзенінен салмағы 125 килограмм тартатын бекіре тұқымдас қорытпа балығы ауға түсті, - деп хабарлайды 24.kz сайты.
Бұл – биылғы ғылыми-селекциялық бағыттағы балық аулау маусымы кезінде қолға түскен алғашқы ірі олжа. Сонау динозаврлар заманынан бері келе жатқан бекіре тұқымдас балықтардың ішіндегі төресі Атырау бекіре балығын өсіру зауытына жеткізілді. Биылғы уылдырық шашу маусымын жабайы ортада өткізген алып қорытпа енді зауыттың арнайы тоғанында бағылады. Қазір мамандар су маржанының денсаулығын жіті күтімге алып отыр. Егер жасанды су қоймасындағы өмірге көндігіп кетсе, болашақта бұл балықтан 40 килограмға жуық уылдырық алынып, одан миллиондаған шабақтар өсіріледі. Жалпы зауытта табиғи су айдынынан ауланған бекіре тектес балықтардың барлығын қолда асырап қалуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бүгін мамандар уылдырығы мен сүті сауылып алынған 118 дана аталық пен аналық бекірені теңізге кері жіберді.
Рашиден Калидуллин, Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры: - Биыл біздің зауыт осы аталық-аналық балықтарды дайындаған мезгілде қорытпа болған жоқ. Биылғы мемлекеттік тапсырманы орындау мақсатында бекіре менен шоқыр балығынан шабақтар шығады деп жоспарланып отыр. Ал бүгінгі таңда ұсталып отырған қорытпа балығымыз – 2015 жылы ауға түскен бірінші балық. Біздің қазіргі мақсатымыз – осы қорытпа балығын келесі жылға дейін өсіріп-өндіріп,тұқым алу.