- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Жайық-Каспий“ бассейндік шаруашылығында...
“Жайық-Каспий“ бассейндік шаруашылығында 97 млн шабақ құтқарылды
Атырау облысында балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Көктемгі тасқын кезінде арнасынан асқан өзендер сай-саланы толтырып кеткен болатын. Бүгінде сол көлшіктерде миллиондаған балық шабақтары қалып қойды. Тек Жайық өзені арқылы 7,4 млрд текше метр су ағып өткен. Салдарынан арналар толып, 25-30 шақырымға дейін құрлыққа су жайылды. Енді сол бөлінген судағы балықтарды құтқару басты міндетке айналып отыр.
Көктемгі тасқын кезінде Жайық өзені қалаға қауіп төндіргенде осы Соколок каналы қайта қазылып, 24 шақырымға ұзартылған болатын. Соның өзінде нөпір су каналдан асып, 20 шақырымнан астам аумаққа жайылды. Қазір сол айдындар тартылып, қалып қойған шабақтарға қауіп төнді.
Қала іргесіндегі Соколок каналының өзі 3 көлшікке бөлінген. Қазірдің өзінде осында құрылған ауға сәт сайын балық толып қалып жатыр. Әр жарты сағат сайын құтқарушылар мыңдап шабақ шығарып жатыр. Міне, қараңыздар, бір тартымнан қанша шабақ шыққанын. Бұл жұмыстар алға қарай да жалғасын табатын болады.
Канал басында инспекция мамандары мен балықшылар күн-түнмен санаспай, су сүзіп жүр. Олар өткен тәуліктерде 300 мыңнан астам шабақты құтқарған.
"Балық шабақтары арнайы ыдыстарға салынады. Табиғи ортасы – Жайық өзеніне жібереміз. Соколок арнасынан сазан, мөңке және лақа балықтарының шабақтары шығып жатыр. Қазіргі уақытта 2 рейс жасалды. Бөлініп қалған сағада оттегі мөлшері аз, су температурасы – 26 градус", - дейді инспекцияның ихтиологы Алмас Жұмашев.
"Жайық-Каспий" облысаралық бассейндік инспекциясы Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы су қоймаларына жауапты. Олар өткен 3 айда 97 млн дана шабақты аман алып қалды. Бірақ қараусыз қалған көлшіктерден алып шығу қиынға соғып отыр. Қазір қауіпті көлшіктерде кезекшілік ұйымдастырылып, 17 балықшы кооперативіне қосымша қаладағы мекеме, кәсіпорындар да тартылды.
"Соның арқасында Атырау облысында 71 млн балық шабақтары құтқарылып отыр. Мына жерде "Қызылбалық", "Құрманғазы" мекемелері келіп атсалысып жатыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар, далалық жерлерде бөлініп қалған су көп, айналасы балшық. Бару өте қиын. Қазір резина қайықпен аралап, дрон ұшырып, қарап отырмыз", - дейді "Жайық-Каспий" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Нұрлыбек Ғайсин.
Атырау облысында Жайықтан өзге, Ойыл, Жем өзендерінде де шабақ құтқару жұмыстары қолға алынған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек