- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жайық жұртшылығы Мемлекет...
Жайық жұртшылығы Мемлекет қайраткері Нәжімеден Есқалиевті ақтық сапарға шығарып салды
Жайық жұртшылығы Мемлекет қайраткері Нәжімеден Есқалиевпен қоштасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Саналы ғұмырын еліміздің өсіп-өркендеуіне арнаған абыз ақсақал 83-ке қараған шағында өмірден озды.
Ол туралы айтар сөз, жарқын естелік аз емес. Нәжімеден Есқалиев 1941 жылы Астрахань облысында дүниеге келіпті. 1966 жылы Алматы ауылшаруашылық институтын бітірген жас агроном еңбек жолын Орал облысының Жәнібек ауданында бастайды. Өз ісіне жауапты, алғыр маман қызметте де тез көтеріледі. 1986 жылы Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1992 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі, бір жылдан кейін Көкшетау облысының әкімі лауазымына тағайындалады. Кейін Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Молдова мемлекеттерінде елші болып еңбек етті. Қай қызметте болса да Нәжімеден Ықсанұлы бекзат болмысымен, қарапайым қалпымен ерекшеленді.
"Мен деген әңгімені көп айтпады. Біз деді, халық деді. Соның өзі бір үлкен ұғым ғой. Соның арқасында өз еңбегімен көріне білді, сыйлы болды. Қиын-қыстау кезеңде халықты ұйымдастыра білді, халықты жұбата білді", - деді еңбек ардагері Марат Оразғалиев.
Нәжімеден Ықсанұлы қашан да байыппен барлап, сабырмен іс қылатын азаматтардың санатынан еді. 1991 жылғы Оралдағы қыркүйек оқиғасы кезінде ұлтаралық жанжалдың ушықпауына зор еңбек сіңіргені мәлім. Зейнетке шыққасын да өз тәжірибесін кейінгі толқынмен бөлісе білді. Жайық жұртшылығының абыз ақсақал жайлы айтар жақсы сөз, жарқын естеліктері аз емес.
"Ол кісі көп ақыл-кеңесін беріп отырды. Елдің облыстың соның ішінде ауылшаруашылығын қалай дамыту керек, қандай бағытта жүріп жатырғанымызды. Ол кісіге әруақытта ілтипат пен ризашылығымызды білдіріп жүреміз. Аяулы аға, қош болыңыз!" - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек