“Жайлы мектеп“ жайлы болып тұр ма?

“Жайлы мектеп“ жайлы болып тұр ма?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда "Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаға қанша қаржы бөлінген, тоқтап тұрған қанша құрылыс нысаны бар? Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдады.

2025 жылдың аяғына дейін қанша "Жайлы мектеп" салынады?

Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, 2025 жылдың аяғына дейін ұлттық жоба аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектеп салу жоспарланып отыр.

Бұл мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 және 2 500 орындарға арналған.

depositphotos.com

Биыл қанша мектеп пайдалануға берілді?

Биылғы оқу жылынан бастап елімізде 100 мыңнан аса оқушыға арналған 41 мектеп пайдалануға берілді. Олардың 40 пайызы ауылдарда орналасқан.

"Жайлы мектеп" жобасына қанша қаржы бөлінді?

Министрліктің ресми жауабында мектеп құрылысына негізгі тапсырыс беруші, операторы "Самұрық-Қазына" АҚ мен оның еншілес ұйымы Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамы екені айтылады.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Министрлік "Жайлы мектеп" жобасына қанша қаржы бөлінгені, қанша құрылыс сапасыз болып, тоқтап қалғаны туралы сұраққа жауап беруге құзыретті емес екенін айтып, мектеп құрылысы және оған бөлінген қаражаттың жұмсалуы жөніндегі сұрақтар бойынша Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамына жүгіну қажет екенін мәлімдеді.

Ведомство құрылыс жұмыстары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен оның ведомстволық ұйымы Мемлекеттік сараптамасының бақылауында екенін де айтты.

Бұған дейін не болды?

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында "Жайлы мектеп" салынбай жатып құлағалы тұрғаны хабарланды. Бұл жоба өңірдегі Кеңқияқ ауылында жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен 600 орындық білім ордасының құрылысы орта жолда тоқтап қалған. Себебі ғимараттың іргетастан кейінгі құрылымы үгітіліп, қабырғалары жарыла бастаған.

"Жайлы мектеп" жобасы туралы не белгілі?

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы - білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жоба. Жобаның мақсаты - ел бойынша апат жағдайындағы мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жою.

Ақтөбе облысы бойынша 2024 жылға дейін 14 мектеп, 2025 жылға дейін 4 мектеп салу, осылайша 14 900 орынмен қамту көзделіп отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова