Жайдарманшылар Таразда бас қосты

Таразда "Сүйікті қалам Таразым!" атты қала әкімінің кубогіне арналған көңілді тапқырлар ойыншыларының ойыны өтті. Шаһар басшысының кубогіне ұйымдастырылған сайыста Қызылорда, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан, сондай-ақ жергілікті командаларды қосқанда 7 топ өнер көрсетті.

Финалдық ойын "Баласағұн" орталық концерт залында өтті.

Өткір әзілдерімен көпшілікті баураған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының "OIY" командасы (Тараз қаласы) жүлделі бірінші орынды (500 000 тг) иеленсе, екінші орын (300 000 тг) Шымкенттен келген "Mademuazel" командасына бұйырды. Ал жүлделі үшінші орын (200 000 тг) "Қарасаз" командасының (Тараз қаласы) қанжығасына байланды.

Сонымен қатар ойын барысында "Үздік ойыншы" номинациясына (100 000 тг) "Сұрап алмадық" командасынан Әділжан Дәулетов (Қызылорда облысы) ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шаһар басшысының атынан қала әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов арнайы құттықтап, ақшалай сыйлықтар табыстады.

Қазақы қалжың, астарлы әзілмен ұтымды ойды жеткізе білген көңілді тапқырлар сайысын қолдаған көрермен қауым риза болып тарқасты.

Финалдық ойын қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықақылар және Тараз қаласы әкімінің кубогі табыс етілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!