Алматы көшелерінің бірінде жігіт егде жастағы ер адамды соққыға жыққан. Оқиғаның видеосы Telegram-арналарда тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кадрларда жігіт ер адамды екі-үш рет жұдырықтағаны, кейін егде жастағы адам жерге отыра қалғаны көрінеді. Кейін видеодағы жігіт белгісіз біреуге қарап қуанып, кетіп қалады.
Желі қолданушылары видеоға ашық наразылықтарын білдірген. Тіпті видеодағы жігітті тауып алу керек екенін, оны қатаң түрде жазалау керек екенін айтқандар да табылған.
"Тауып алайық", "Ұятсыз, әкесі-атасы бар ғой осындай! Тәрбие деген жоқ", "Тауып жазалау керек", "Өзінің әкесі жоқ па? Өз әкесін осылай ұрса көрер едім", "Түсіріп тұрған адамды да жазалау керек", "Үлкен кісіде нең бар?", "Қазақстанда соққыға жыққаны үшін кемінде 10 жыл беру керек", "Жігіттерге шамасы келмейтін болған соң, шалды ұрып жатыр", "Жайдан-жай ұрған", - деп жазды олар.
Алматы Полиция департаменті мәліметінше, бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде тіркелген. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
"Осы қылмысты жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған 2007 жылы туған Ж. ұсталды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды", - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!