- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Жайбарақат жүре алмай...
“Жайбарақат жүре алмай қалдым“. Дана Нұржігіт екінші экс-күйеуінің өзін аңдыған кезін айтып берді
Танымал журналист, тележүргізуші Дана Нұржігіт Динара Сәтжанға берген сұхбатында екінші экс-күйеуінің өзін аңдыған кезін айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тележүргізуші екінші экс-күйеуіне неліктен ажырасқысы келетінін түсіндіре алмағанын жеткізді.
"Бірінші күйеуіммен, ұлымның әкесімен екіжақты келісіммен ажырастық. Ол кезде де ренжітетін сөздер, әртүрлі жағдайлар болды. Бірақ біз бір-бірімізді түсіндік. Мен бір рет ажырасқан адаммын, сондықтан қалай өркениетті ажырасуға болатынын түсінемін. Білімді, ақылды адаммен ажырасқан кезде бәрі жақсы болады. Ал егер адамға бір дүниені түсіндіру мүмкін емес болса, бұл қиын. Мысалы, адамға неліктен ажырасып жатқаныңды қалай түсіндіресің? Бұл түсіндіретін нәрсе ме? Екінші күйеуім үйге келетін, неше түрлі бітпейтін әңгімелер, онда көп дүние болды. Сосын болмағасын мен қызмет пәтерімнен көшіп кетіп, басқа пәтер жалға алған кезде бәрі үсті-үстіне қабаттасып, жағдайым қиын болды", – деді ол.
Дана Нұржігіттің экс-күйеуі ұзақ уақыт бойы оның ізіне түскен. Не істеп, қайда жүргеніне дейін біліп отырған. Ал тележүргізуші салдарынан қатты қиналғанын, үнемі үрейленіп жүргенін айтады.
"Сол кезде мен өмірімде бірінші рет полиция бөлімшесіне жүгіндім. Олар қалай арыз қабылдайтынын өз көзіммен көрдім, түсіндім. Ерлі-зайыптының арасында кикілжің болған кезде, ер полиция қызметкерлері әйелден арызды жеңіл қабылдайды, бүгін ұрысып жатыр, ертең татуласады деп ойлайды. Олар мұның қылмыс екенін түсінбейді және мұндай жағдай 3 рет қайталанды. Өмірімде бірінші рет маған қорғау нұсқамасын жазып берді. Бірақ елестетіп көріңізші, мен бассейнде жүзіп жүріп, судан шықсам, алдымда сол кісі тұрады, дәрігерге барамын, ол уақытта жағдайға байланысты инемен емделіп жүргенмін, кушеткада жатсам, сол кісі кіріп келеді, тұрайын десем тұра алмаймын, сөйлейін десем, дәрігер бар. Эфирден шықсам, көліктің алдында күтіп тұрады. Адамға түсіндіруге тырысасың, түсінбейді. Көшеде кетіп бара жатсам, қоңырау шалып, "кіммен жүрсің? Біз туралы айтып жатырсың ба?" деп сұрайтын. Мен жайбарақат жүре алмайтынмын, үнемі біреу ізімнен жүрген сияқты көрінетін. Әлеуметтік желіде аңдиды, өмірде аңдиды, эфирден кейін аңдиды, бұл бір сұмдық болды. Мен мұндай күйге 2022 жылдың ортасында түстім және бұл 2023 жыл бойы жалғасты, 2024 жылдың ортасында ғана сот үкімі күшіне енді", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Дана Нұржігіт екінші некесі туралы сөз қозғап, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді.
Тележүргізуші екінші күйеуінің үстінен арыз түсіріп, оны сотта жеңіп шықты. Сот процесі 7 отырысқа созылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә