Көптеген жүргізуші көлігін жаяу жүргіншілер өткеліне бірнеше метр жетпей немесе одан өткен соң қояды. Алайда өткелдің алдындағы және одан кейінгі көлікті тоқтату ережелері әртүрлі екенін бәрі бірдей біле бермейді. Өткелге бес метр жетпей көлік қоюға тыйым салынғанымен, одан кейін мұндай шектеу жоқ, деп хабарлайды Massaget.kz Tengri Auto сайтына сілтеме жасап.
Жаяу жүргіншілер өткелінен кейін бірден тоқтауға бола ма, ережедегі мұндай айырмашылықтың себебі неде және көлікті дұрыс қоймағаны үшін қандай айыппұл салынады? Tengri Auto осы сұрақтарға жол қозғалысы ережелері жөніндегі сарапшы Евгений Каримовпен бірге жауап іздеді.
Кей жүргізушілер өткелден кейін де бес метр арақашықтық сақтау керек деп ойлап, көлігін қоюға қорқады. Алайда Қазақстанның жол қозғалысы ережелерінде мұндай талап жоқ.
Евгений Каримовтың сөзінше, көлік жаяу жүргіншілер өткелінен толық өткеннен кейін жүргізуші бірден тоқтай алады.
Дегенмен бұл ережені жол қиылыстарына қатысты шектеулермен шатастырмаған жөн. Жаяу жүргіншілер өткелі жол қиылысына жақын орналасса, басқа талаптар қолданылады.
Жаяу жүргіншілер өткелінің алдында тоқтауға тыйым салудың басты себебі - қауіпсіздік. Тоқтап тұрған көлік басқа жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің айналаны көруіне кедергі келтіруі мүмкін.
"Жаяу жүргіншілер өткелінің алдына қойылған көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер бір-бірін көруіне кедергі жасайды", - деп түсіндірді сарапшы.
Сондықтан жол қозғалысы ережелеріне сәйкес жаяу жүргіншілер өткелінің үстінде және оған бес метр жетпейтін жерде тоқтауға тыйым салынады.
Евгений Каримовтың айтуынша, жаяу жүргіншілер өткелінен кейін бірден қойылған көлік өткелдің алдында тұрған көлік сияқты айналаны көруге кедергі келтірмеуі керек.
Сарапшы жүргізуші өз бағыты бойынша жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерге жол беруге міндетті екенін де еске салды. Ал жаяу жүргінші жолға шықпас бұрын бәрі қауіпсіз екеніне көз жеткізуі қажет.
Дегенмен көлік рұқсат етілген жерде тұрса да, жүргізуші жолда мұқият болуы керек.
Жаяу жүргіншілер өткелінен өткеннен кейін де көлікті кез келген жерге қоя беруге болмайды. Өйткені жол қиылыстарына қатысты бөлек шектеу бар.
Сарапшының айтуынша, жаяу жүргіншілер өткелі қай жерде орналасқанына қарамастан, қиылысатын жолдың жүріс бөлігі шетінен 30 метрге жетпейтін жерде тоқтауға тыйым салынады. Бұл талап жол қиылысының алдына да, одан кейінгі бөлігіне де қатысты.
Сондықтан жаяу жүргіншілер өткелі жол қиылысына жақын орналасса, жүргізуші екі шектеуді де ескеруі керек.
Көлікті тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 597-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Айыппұл мөлшері - 5 АЕК, 2026 жылы бұл - 21 625 теңге.
Маңыздысы, айыппұл көлікті тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзған жағдайда ғана салынады. Жүргізуші көлігін жаяу жүргіншілер өткелінен кейін бірден қойып, жол қозғалысы ережелерінің басқа талаптарын бұзбаса, өткелге жақын тұрғаны үшін айыппұл салынбауы керек.