"Жаяу жүремін". 101 жастағы майдангер көп жасау құпиясын айтты

Қызылордалық соғыс ардагері Яхия Тасыров күніне 2-2,5 шақырым жаяу жүреді. Ол бүгінде 101 жасқа толып отыр, - деп хабарлады Massaget.kz тілшісі.

Қарт майдангер ұзақ жасауының бір себебі — үнемі қозғалыста болу, тынбай еңбектену екенін айтты.

"7-8 сағаттық ұйқы жетіп жатыр. Таңертең ерте тұру — әдетім. Көбіне таза ауа аясында жаяу жүргенді жақсы көрем. "Баратын жеріңізге жеткізіп салайын" деп көлігімен жаныма кеп тоқтайтындар көп. Ондайда рахмет айтып, жаяу жүруді жалғастырам", - дейді ол.

Соғыс сарбазы бала болып ауырып көрмегенін, қазіргі кезде де ауру қатты мазаламаса, дәрі-дәрмек ішпейтінін жеткізді.

"Көп өмір сүрудің ендігі бір кілті — ой-пейіл тазалығы.  Көңілімді теріс ойлардан таза ұстауға тырыстым. Тек жақсылықты ойладым. Жаман әдеттерге жақындағаным жоқ", - дейді соғыс ардагері.

Еске салайық, бүгінде облыста 6 соғыс ардагері тұрып жатыр. Олардың әрқайсысына Жеңіс күніне орай 1,5 млн теңге берілді.

Назерке САНИЯЗОВА