"Жаяу бара алмаймын". Әкімдер қандай көлікпен жүретінін айтты

Қазақстандық әкімдер қандай көлікпен жүреді және жаяу жүре ме? Бұл туралы "Диапазон" басылымының материалында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өткен аптада еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық қалаларды абаттандыруға көңіл бөлуге шақырды.

"Әкімдер өз қалалары мен елді мекендерінде жаяу жүруі керек", - деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты "Диапазон" тілшілері әкімдер жаяу жүре ме, өздерінен сұрап көрді. Ақтөбе әкімі Мұрат Журебековтің қызметтік көлігі - Kia Quoris, 2014 жылғы.

"Көлікті қолданамын. Бұл ретте жұмыс күндері де, демалыс күндері де көшелерде, тұрғын үйлер, аулаларда жаяу жүремін", – дейді Мұрат Жүребеков.

Ал Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қызметтік көлігі - Lexus, 2012 жылы шығарылғанын айтты.

"Аудан, ауылдарға жаяу бара алмаймын. Өздеріңіз түсінесіздер, арақашықтық аз емес. Қалада барлық жерде нысандарға жаяу баруға мүмкіндік болмайды. Менің ойымша, жаяу жүреміз деген көрініс жасау ешкімге қажет емес. Объектив түрде көлікпен бару керек жерге - көлікпен барамыз. Қай жерде жаяу жүруге болады, әрине, жаяу жүреміз", - деді Ералы Тоғжанов.

diapazon.kz

 Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!