- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жай әшекей емес"....
"Жай әшекей емес". Қазақстандықтар Рим Папасының "жұмбақ" жүзігіне назар аударды
Қазақстандықтар Рим Папасы Францисктің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен түскен суретіндегі жүзігіне назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Қуат Дүйсен Facebook-парақшасында Рим Папасының жүзігі туралы жазған. Оның сөзінше, бұл жүзік шын мәнінде, жай әшекей емес.
"Аса мәртебелі Рим Папасы Францисктің Қазақстанға сапары маңызы үлкен оқиға. Байқасаңыздар Ақорда жариялаған суреттерде понтификтің оң қолында жүзігі көрінеді. Бұл жүзік шын мәнінде, жай әшекей емес. Ол - балықшының жүзігі. Әр Рим Папасы сайланғанда билігінің символы ретінде, оған алтыннан жүзік жасап береді. Жүзікте Папаның есімі жазылады және Папаның қалауына қарай өзге де белгілер салынады", - дейді автор.
Яғни жүзік Папаның әлем христиандары басы екенін білдіреді.
"Жүзік жалғыз дана жасалады. Папаның понтификаты яғни билік ету кезінде жүзікті шешуге, өзгеге себепсіз беруге, сыйлауға, айырбастауға, сатуға тағы басқасына рұқсат етілмейді. Папа қайтыс болған жағдайда арнайы өкіл жүзікті куәгерлердің көзінше сындырады. Осылайша, қайтыс болған Рим Папасының билігі аяқталғанын ресми жариялайды. Жүзіктің атауы да тегін емес. Алғашқы Рим Папасы балықшы болған екен. Соның құрметіне әшекей "балықшының жүзігі" деп аталады", - дейді Қуат Дүйсен.
Еске салайық, кеше, 13 қыркүйекте Қазақстанға Рим Папасы Франциск келді. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды.
Мемлекет басшысы мен Рим Папасы келіссөз жүргізгеннен кейін "Қазақстан" орталық концерт залында азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен кездесу өткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина