"Жауына ғана сыйлаған". Қолөнер шебері ұлттық оюдың астарын түсінбей жүргенімізді айтты

"Жауына ғана сыйлаған". Қолөнер шебері ұлттық оюдың астарын түсінбей жүргенімізді айтты

Ұлттық оюдың әрқайсы әртүрлі мағына береді. Жамбылдық қолөнер шебері Гүлнар Абдуллаева оюларды киімге қолдану кезінде мұқият болу керек екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шебер бірде өзі білмеген жайтты біліп таңғалғанын айтады. Ал қазір оюдың астарындағы мұндай дүниеге мән берілмейді екен.

"Бірде Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын қазақ қызының ұзату тойына бардым. Той Мори деген ауылда өтті. Ондағылар жайлауда киіз үй құрып қойып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды екен. Тойға деп қырғыз елінде бір үлгіде тігілетін ақ киіздің маңдайына қошқармүйіз оюы түскен тақия ала барғанмын. Сол ауылдың үлкен қариясы қолымдағыны көріп, "мұндайды тойбастарға беруге болмайды" деді. Қарт кісінің айтуынша, мұндай оюды аяқкиімге қолданады екен. Осындайды тек жауына ғана сыйлаған көрінеді", - деп түсіндірді кәсіпкер.

Кезінде Тараз қаласындағы тігін фабрикасында жұмыс істеген Гүлнар Абдуллаева қазір тапсырыс қабылдап, үйінен киім тігетін шеберхана ашқан. 2009 жылдан бері "Дәнжан" жеке кәсіпкерлігін тіркеп, қыз жасауын, киіз үйдің жасау-жабдығын тігіп келеді.

Қолөнер шеберінің айтуынша, ұлттық нақыштағы оюларды қолданудың өз реті болады екен.

"Төменгі етегіне ою-өрнек түскен шапанды немере сүйген кісілер киюі керек екен. Ал ою шапанның арқа тұсына салынса, бұл белгі оның шөбере көргенін көрсетеді", - деп түсіндірді кәсіпкер.

Маманның сөзіне сүйенсек, әйелдердің киіміндегі ою-өрнек оның қай елдің қызы екенін хабар беріп тұратын болған. Қай руға келін болып түскенін де киіміне қарап білген екен.

Қазір қолөнер шебері киіз жабдықтарын да тігумен де айналысып жүр. Бастапқыда кәдесыйға киіз үй жасап жүрген тігіншіге түскен ең үлкен тапсырыс 2 күнде 12 киіз үй жабдығын жасау болыпты.

Бүгінде Гүлнар Абдуллаева жабдықтаған киіз үйлер облыстық көрмелерде үнемі үздік танылып жүр.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова