Танымал блогер Мерей Әбілова Instagram-парақшасында Қырғызстанға сән шоуына барып, бірақ оған қатыспағанын, өйткені дау шыққанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогердің сөзінше, Бішкекте Арзубек Амановтың сән көрсетілімі болған. Бұл кешке Мерей де шақырылыпты. Алайда көрсетілімге ақша төленбеген. Бірақ басқа шығындарды ұйымдастырушы тарап өз мойнына алған.
"Өзім барғым келді. Дизайнер болғандықтан бұл нәрсе маған қызық болды. ...Олар тамақ, басқа да шығындарды төлейтінін, біздің қонақ болатынымызды айтты. Басқа блогерлердің stories-інен көрген шығарсыздар. Қазақстаннан менен бөлек екі блогер барды. Барлығы үш блогер болдық. Оларды жап-жақсы күтіп алған. Ұйымдастырушылар гүлмен күткен. Бізді Арзубек деген кісінің досы күтіп алды. Ол бізге жолда қырындап келді. "Жарайды" дедім. Маған жақсы қонақүй, жақсы әуекомпания болуы маңызды еді. Біз барсақ, мүлде басқа қонақүй. Онша емес қонақүй. Заттарымды қойдым. Кейін біз сән көрсетіліміне дайындалуымыз қажет екен. Бірақ барған күні дайындық болатыны айтылған жоқ. Көрсетілімде жүретінімді, подиумға шығатынымды да барғанда білдім. Бұл жауапсыздық болды", - деді ол.
Оның айтуынша, ұйымдастырушылардан бұл жағдайлардың себебін сұраған. Ал ұйымдастырушылар оның кейінгі хабарламаға жауап жазбай қалғанын, сол үшін осындай қарым-қатынас болғанын айтыпты.
"Таңғалдым. Адам жай ғана бір хабарламасына жауап жазбағаны үшін. Мен ол кезде Дубайда жүрдім. Менің білуімше, сол кезде қонақүйді ауыстырып тастады", - дейді блогер stories-тегі видеода.
Кейін Мерей басқа қонақүйге келесі күні ауысуға келісіп, сағат таңғы 11.00-де алып кетуін сұраған.
"Маған 9.30-да қоймай хабарласты. 10-нан кете шықтым. Шықсам, мені күтіп тұрған қыз кетіп қалған. Ол кофе ішіп, тамағын жеп, ал ақшасын мен төлейтінімді айтқан. Таксиді де ақша қалдырмай тастап кеткен. Менде төлейтін сом болмады", - дейді ол.
Мерейдің айтуынша, осы оқиғалардан кейін көрсетілімге қатыса алмайтынын біліп, өз ақшасына билет алып, Қазақстанға қайтқан.
Ал Арзубек есімді дизайнер Желідегі парақшасында Мерейге қатысты мән-жайды кейінірек айтатынын жеткізіпті.
"Абилова бойынша сторис, жаңа жазба ертең болады. Таяқтың екі ұшы болады. Күтіңіздер", - депті ол Желіде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!